Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты және аудан орталығында баспана алуға кезекте тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға жаңа пәтер кілтін табыстады.
Аймақ басшысының жұмыс сапары Арал ауданаралық ауруханадан басталды. 150 орындық ауруханада 385 қызметкер жұмыс істейді, ал ұйымға 68 мыңға жуық аудан тұрғыны тіркелген.
Облыс әкіміне аурухананың бас дәрігері Марат Ршымбетов жаңадан сатып алынған компьютерлік томография мен жылжымалы медициналық кешенін көрсетті. Жылжымалы медициналық кешен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен 5 жылға қаржы лизингі шартымен алынған. Кешен хирургиялық, гинекологиялық, рентген, УЗИ, офтальмология, жалпы қабылдау бөлмелерімен зертхана осы заманғы медициналық қондырғылармен жабдықталған. Жаңа құрылғы арқылы шалғай елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсететін болады.
Мұнан кейін аймақ басшысы «Aral Sea Food» ЖШС-нің «Балықты тереңнен өңдеу» жобасының жұмысымен танысып, кәсіпорындағы жаңа құрал-жабдықтарды көріп, мамандармен тілдесті. Жоба аясында жылына 4 мың тонна өнделген балықтың сүбесі шығарылып, ішкі нарыққа және ТМД елдеріне ұсынылады. Сондай-ақ, кәсіпорын ішінен балық ұнтағын шығаратын цех іске қосылды. Кәсіпорында қолданылатын технология еуростандарт бойынша мақұлданды. Нысанда 50 адам жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіқалықова Арал қаласында салынған 18 екі пәтерлі үйдің кілтін табыстап, баспана иелерін келе жатқан Жаңа жыл мен қоныс тойларымен құттықтады.
«Бүгін, міне, Жаңа жыл қарсаңында үй кезегінде тұрған Арал тұрғындарына үйлердің кілтін табыстағалы тұрмыз. Қазан айында ғана біз осы маңдағы 1 қабатты 4 пәтерлі тұрғын үйлердің кілтін берген болатынбыз. Белгілі меценат Болат Өтемұратов Арал өңіріндегі қуаңшылық мәселесімен қатар, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да назар аударып, бірнеше отбасының баспаналы болуына демеушілік жасады.
Бүгінгі таңда осы тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, барлық жағдайы жасалған жайлы баспана пайдалануға беріліп отыр. Тұрғындарға қуаныш сыйлаған құрылысшыларға, жұмысшыларға зор ризашылығымызды білдіреміз. Шаңырақтарыңызға шаттыққа толып, құт-береке кетпесін! Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!», - деді облыс әкімі.
Іс-шара барысында 10 көпбалалы, аз қамтылған отбасыға пәтер кілті табысталды.
Облыс әкімі жаңа пәтер алған көпбалалы ана Нұргүл Еділбаеваның үйін көріп, қоныс той иелерін құттықтады және оларға ас үй жиһазын сыйға тартты. Баспанаға қолы жеткен Нұргүл жолдасы Нұрболат екеуі де жұмыссыз, 7 бала тәрбиелеп отыр.
Айта кетейік, Тәуелсіздік алған жылдан бері Арал ауданында 324 697 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріліп, 180 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Мұнан бөлек, ауданға қарасты шалғай елді мекендерде жаңадан 6 дәрігерлік-амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 7 медициналық бекет пен 38 білім ошағы жаңадан салынды. 4 мәдениет үйі, 2 клуб және 2 музей аудан халқына рухани қызмет етуде. Сондай-ақ, бұқаралық спортты дамыту бағытында ауданда 2 спорттық кешен, 1 стадион, 35 спорттық алаң пайдалануға берілсе, 3 спорт кешенінің құрылысы жүруде.
Әрі қарай облыс әкімі Жақсықылыш кентінде орналасқан «Аралтұз» АҚ ас тұзы және техникалық тұз өндірісінің жұмысымен танысты. Жұмысшылармен кездесіп, пікірлесті. Кәсіпорынның индустрияландыру бағдарламасы аясында 2014 және 2016 жылдары ашылған 2 цех «Construcciones Mecanicas J.SERRA,S.A.» испан технологиясы бойынша шығарылатын өнім отандық нарықта сатылады және ТМД елдеріне экспортталады. Қазіргі таңда нысанда үшінші цех пайдалануға беріліп, өндірістің қуаты 350 мың тоннадан 600 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Кәсіпорында мыңға жуық жұмысшы істейді.
Жұмыс сапары соңында аймақ басшысы Аралқұм ауылдық округіне қарасты Шөміш елді мекеніндегі «Aral Quartz» ЖШС-ның кварц құмын байыту бойынша тау-кен комбинатының І кезеңін іске қосу рәсіміне қатысты. Комбинат жылына 120 мың тонна байытылған кварц концентраты мен құрғақ құрылыс ұнтақтарын өндіреді, нысанда 70 жаңа жұмыс орын құрылды. Дайын өнімнің 30% ішкі нарыққа, 70% экспортқа шығарылады.
Айта кетейік, комбинат өндіретін кварц құмы жуырда жұмысын бастаған шыны зауытының өндірісінде қолданылмақ. Бұл өнімге шетелден де сұраныс жоғары. Жобаның екінші кезеңінде цех қуаттылығын арттыру және өнім түрлерін көбейту мақсатында жаңа нысанның құрылысы басталды.
Аймақ басшысы жаңа өндірістің жұмысына сәттілік тілеп, цехты іске қосты.