Қызылордалық кәсіпкерлер Үкімет пен «Атамекеннен» көмек сұрап отыр
Украинадағы жағдай, Ресейге салынып жатқан санкциялар қазақстандық кәсіпкерлердің қызметіне айтарлықтай әсер етіп отыр. Осыған сәйкес «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметке бизнес мәселелерін шешу жөніндегі жедел штаб құру бастамасын көтеріп, кәсіпкерлердің ұсыныстарын сауалнама арқылы жедел жинақтап жатыр.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына проблемасын айта келген күрішшілер қазіргі жағдайда салаға Үкіметтің қолдауы аса қажет екенін жеткізді.
Елімізде күріш экспортымен айналысатын көшбасшы компания «Абзал және К» толық серіктестігі директорының орынбасары Айгүл Қосмұратова Киевке жіберілген 3 вагон тауардың Ресей аумағында тұрып қалғанын айтты.
«Қазір сол жақтан сатып алушы іздеп жатырмыз. Тапқан күннің өзінде бізге өзіміздің мемлекеттік органдардан көмек керек. Себебі фитосанитарлық және СТ-1 сертификаттарына, өзге де құжаттарға өзгерістер енгізу керек», – деген Айгүл Қосмұратова өзге де мәселелерге тоқталды.
«Абзал және К» ТС өкілінің айтуынша, қазақстандық күрішшілер соңғы 10 жылда тауарларының басым бөлігін ТМД-ның Азия бөлігіндегі нарығына шығарады. Ал Ресей Турция мен Еуропалық Одаққа қарасты елдерге экспорттап келген.
«Санкциялардың салдарынан Ресей ендігі жерде күріш өнімдерін ТМД-ның Азия бөлігіндегі елдеріне шығарса, онда біздің онсыз да арзан өнімдеріміздің құны түсіп кете ме деп қауіптеніп отырмыз. Ал бұл тауарөндірушілер үшін үлкен соққы. Өйткені күріш егуге қажеттінің барлығы қымбаттады», – дейді кәсіпкер.
Күрішшілерді алаңдатып отырған тағы бір мәселе – тыңайтқышқа қатысты. Кей тынайтқыштар мен гербицидтер шет елден келеді екен. Кәсіпкерлер жартылай алдын ала төлем жасап қойған, ал қалғанына енді есеп айырысады. Теңгенің құнсыздануы салдарынан сырттан келетін тыңайтқыштар құны да өседі деген кәсіпкерлер бұл жайт күріш бағасының өсуіне алып келетінін айтуда.
«Үкіметтен ауыл шаруашылығы техникаларына арналған утильалым үшін біраз уақытқа мораторий жариялау мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Бұл осы саладағы кәсіпкерлерге көрсетілген қолдау болар еді», – деді «Абзал және К» ТС өкілі.
Мұнан өзге, кәсіпкерлер ауыл шаруашылық техникаларының бағасына, доллардың құбылмалы бағасына орай экспорттың жай-күйіне алаңдаулы екенін жеткізді.
«Жедел штаб қазір белсенді жұмыс жасап жатыр. Кәсіпкерлердің осындай өзекті мәселелерін «Атамекеннің» Орталық аппаратына шұғыл жеткізіп, ондағы әріптестерімізбен шешу жолдарын қарастырып жатырмыз, – дейді бұл мәселеге қатысты Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов.