Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданында бірқатар нысандарды аралап, аудан активімен кездесті.
Алдымен аймақ басшысы «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасының құрылысымен танысты. Жобаның құрылысы өткен жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қолдауымен бастау алды. Толық іске қосылғаннан кейін фабрика облыс халқы тұтынатын құс етінің 33 пайызын қамтамасыз етпек. Неміс технологиясымен салынатын нысанда 120 жергілікті маман жұмыспен қамтылатын болады.
Құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімі мұндай өзекті әрі тиімді жобаларды қолдау қажет екенін жеткізіп, өндірісті уақытылы іске қосылуына жұмыс жүргізу қажет екенін алға тартты.
Мұнан соң облыс әкімі Жаңақорған кентінде салынып жатқан 300 орындық мектептің жағдайымен танысты. Құрылыстың бас мердігері – «ҚазҚұрылыс» ЖШС. Білім ордасының құрылысы пандемия шектеуі салдарынан кешіктіріліп, жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Аймақ басшысы мердігер компания басшысына мектеп құрылысын сапалы әрі уақытылы жүргізуді міндеттеді.
Әрі қарай актив отырысында Нұрлыбек Нәлібаев жаңа аудан әкімі Мұрат Тілеумбетовті таныстырып, бұрынғы аудан басшысы Руслан Рүстемовке абыройлы қызметі үшін алғысын жеткізді. Сондай-ақ, аудан экономикасын дамытуға бағытталған инвестициялар мен жобалардың сәтті жүзеге асқанын тілге тиек етті.
- Өткен жылы әлемдік пандемияның салдарынан қалыптасқан дағдарысқа қарамастан Қызылорда қаласы мен аудандар арасында Жаңақорған ауданы барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жоспарлы межені асыра орындаған бірегей аудан болды.
Облысқа тартылған инвестициялардың 11 пайызы осы ауданға тиесілі. Мал шаруашылығы бойынша 2021 жылдың қорытындысымен «Озат аудан» атанды.
Облыста тұңғыш рет кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелері электронды форматтағы аукционмен өткізілді. Нәтижесінде, жер сатудан бюджетке түсетін түсім 10 есеге дейін артты. Қазіргі уақытта Жаңақорған кентінде жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасының құрылысы жүруде,-деді Н.Нәлібаев.
Жиында аймақ басшысы индустрияландыру, шағын және орта бизнесті қолдау және ауыл шаруашылығы саласын жаңа бағытта дамыту қажеттігін еске салып, Президенттің «Жаңа Қазақстан» бастамасына қолдау білдіріп, әріптестерін ел дамуы жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Жиын соңында аудан ардагерлері Зинабдин Шермаганбетов пен Серқожа Ыдырысов игі лебіздерін білдіріп, ақ батасын берді.