Экологиялық және санитариялық талаптар сақталмағаны анықталды
Байқоңыр қаласының прокуратурасымен қадағалау аумақтағы медициналық ұйымдардың қызметінде медициналық қалдықтармен жұмыс жасау кезінде экологиялық және санитариялық заңнамалардың сақталуына тексеру жүргізілді.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру нәтижесінде амбулаториялық-емханалық қызметі бар Қармақшы аудандық орталық ауруханасының Төретам құрылымдық бөлімшесінде, оған қарасты ауылдық дәрігерлік амбулатория мен Ақай ауылдық ауруханасында медициналық қалдықтармен жұмыс жасау кезінде қойылатын санитариялық және экологиялық талаптар бұзылғандығы анықталды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген «Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық - эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидасына сәйкес, (бұдан әрі - Қағидалар) персонал алдын ала және мерзімдік медициналық тексеруден өтеді және В вирустық гепатитіне қарсы егіледі. Қалдықтармен жұмысқа 18 жасқа толмаған адамдар жіберілмейді.
Алайда, Төретам ауылдық емханасында персонал «В» вирустық гепатитіне қарсы егумен қамтылмаған. Осындай заң бұзушылық Ақай ауылдық ауруханасы мен Ақай дәрігерлік амбулаториясында да орын алған.
Сонымен қатар, Төретам емханасында медициналық қалдықтарды сақтауға арналған бөлме сору желдеткішімен және ыстық су келтірілген раковинамен қамтамасыз етілмеген. Осы тектес бұзушылық Ақай ауылдық ауруханасында да қайталанған.
Төретам ауылдық ауруханасы мен Ақай ауылдық ауруханасында медициналық қалдықтардың уақытша сақтауға арналған үй-жайында үш тәуліктен асырып сақталғандығы анықталды.
Барлық медициналық ұйымдарда тұрмыстық қалдықтарды сақтауға арналған контейнерлер үш жағынан 1,5 м биіктікте қоршалмаған.
Сонымен қатар, қалдықтардың «А» сыныбының жойылуына «Асеттрансервис» ЖШС-мен келісім-шартқа отырғанымен, үш тәуліктен асырылмай сақталуы қадағаланбағандықтан, контейнерлер қоқыс қалдықтарымен толған.
Байқоңыр қаласының прокуратурасымен анықталған заңдылықты бұзушылықтарды жою үшін тиісті қадағалау актілері енгізіліп, аудандық орталық ауруханасының Төретам құрылымдық бөлімшесінің, оған қарасты ауылдық дәрігерлік амбулатория мен Ақай ауылдық ауруханасының лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 324-бабының 1-бөлігімен (оршаған ортаны қорғау жөнiндегi санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзу) әкімшілік жауаптылыққа тартылды.