Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шараға әншінің ұлы Тәжен мен келіні Марал, қазақ эстрадасының жарқын өкілдері Жеңіс Сейдолла, Бақтияр Тайлақбаев пен Сыр елінің зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткелері мен қоғам белсенділері қатысты.
Аймақ басшысы жиналған жұртты облыс орталығы – Қызылорда қаласының төрінен ән падишасының ескерткіші қойылғанымен құттықтап, Роза Тәжібайқызының есімі туған топырағы - Сыр елінде үздіксіз ұлықталып келетінін айрықша атап өтті.
«Президент тапсырмасына сәйкес, ән падишасын мәңгі есте қалдыру мақсатында елдік дәрежеде мәдени іс-шаралар басталып кетті. Жуырда Алатау баурайындағы Алматы қаласында даңқты әншінің ескерткіші ашылды. Міне, енді бүгін туған жері, киелі Сырдың жүрегі – Қызылорда қаласының төрінен аңыз адамға арналған әсем ескерткіш бой көтерді.
Егемен елі тұрғанда Роза Бағланованың есімі ешқашан өшпек емес. Мәңгі есіміздесіз, аяулы әнші, қазақ әнінің падишасы!», - деді облыс әкімі.
Мерекелік іс-шараға арнайы шақырылған Роза Бағланованың ұлы Тәжен мен келіні Марал жерлестеріне әншінің есімін ұлықтап, құрмет көрсеткендері үшін алғыс білдірді.
Игі шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Роза Бағланованың ұлы Тәжен мен келіні Марал Бағлановтар ескерткішті ашып, гүл шоғын қойды.