Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Сырдарияда әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде 

Сырдария ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. 
Атап айтар болсақ, орталық стадионға салынатын жаттығу және стритбол алаңы, Бесарық елді мекеніндегі спорт кешені және Жетікөл елді мекеніндегі аудандық бюджет есебінен салынып жатқан үш бөлмелі екі тұрғын үйдің құрылысы. Одан өзге, аудандағы жол мәселесі де ретке келтірілуде. 
- 2022 жылы аудан бойынша автомобиль жолдарын жөндеуге 1,3 млрд теңге қаржы бөлініп, 23 жоба іске асырылуда. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша 146,5 млн теңге қаржы бөлініп, 9 шақырым автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары аяқталуда. Сонымен қатар, 2023 жылға республикалық бюджеттен қаржыландыруға Тереңөзек кенті және елді мекендердің көшелерін орташа жөндеу бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды, - деп мәлімдеді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында. 
Айта кетейік, Сырдария аймақтағы ілеспе газға қосылған аудандардың қатарында. Бүгінде аудан орталығы 80 пайыз табиғи отынмен қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Мәселен, Тереңөзек кентінде жаңадан салынған тұрғын үйлерді газдандыру мақсатында құны 143,8 млн теңге болатын жоба құрылысы аяқталып, қазіргі таңда «Қызылорда Газ тарату» мекемесімен бірлесіп газды қосу жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса, екі елді мекенді газдандыруға 2023 жылға республикалық бюджеттен қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылды. Қосымша екі ауылдық округті газдандыруға жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. 
Халықтың сұранысы және басты қажеттіліктерінің бірі – елді мекендерді  жарықтандыру. Аталмыш бағытта 2022 жылы «Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл елді мекендерін электрмен жабдықтау» жобаларына 1,6 млрд теңгеге бюджеттік өтінім жолданған. Ал тұрғындарды таза ауызсумен қамту мәселесі бойынша аудан әкімі: 
- Аудан бойынша тұрғындар 100 пайыз ауызсу жүйесімен қамтылған. ОДСП «Арал» Сырдария аудандық филиалымен бірлесіп жүргізілген зерделеу жұмыстарына сәйкес 2006 жылдан бастап салынған Тереңөзек, Шаған, Аманкелді, Қоғалыкөл елді мекендерінде ауызсу құбырларының тозығы жетіп, күрделі жөндеуді қажет ететіндігі анықталды. Осыған сәйкес, 2023 жылға республикалық бюджеттен қаржыландырылуға Тереңөзек кентіндегі 10 көшенің су құбырларын жаңарту бойынша облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды, - деп мәлімдеді. 
Ал елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 5 каналға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 174 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар толық аяқталды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: