Қазақстандық ғалым Әбдімәлік Әшіров ауыл шаруашылығы дәнді дақылдарының өнімділігін 25-50 пайызға дейін арттыру әдісін ойлап тапты. Әлемді таңқалдырған оның жаңалығы Сыр елінің диқандары үшін де маңызды болмақ.
Себебі, аталған жобаны Қызылорда аймағы бойынша үйлестіруші Сұлтан Әшімов күріш өсіретін шаруашылықтарда 2000 жылдан бері өздері ұйымдастырған қаржылармен тәжірибе жүргізіп, жақсы көрсеткіштерге ие болғанын айтып отыр. Ал ғалымның айтуынша, озық технология бойынша егілген тұқымнан тәжірибе жүргізу барысында 84 пайызға дейін өнім алынған. Бұл жерде дән қоймаларда биорезонансты жолмен активтендіріледі. Одан кейін кем дегенде 10-15 күннің ішінде егілуі тиіс екен. Техника ғылымдарының докторы, профессор, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты Ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, №272-ші ғылыми жаңалықтың авторы Әбдімәлік Әшіровтің айтуынша, Қазақстанда ғылыми жаңалықтардың өте сирек құбылыс.
– Бұл – ауылшаруашылық дақылдарының ұрығы мен түйнектерін егу алдындағы өңдеу тәсілі. Мұнда осыған дейін ауыл шаруашылығында пайдаланылмаған космогеофизикалық параметрлер қолданылады. Ұсынылып отырған өңдеу технологиясы өте қарапайым. Ол қол еңбегі мен қуат шығынын қажет етпейді. Биорезонанс беретін Модуляторға ток көзі ретінде 12 вольт автомобиль аккумуляторын пайдалануға болады. Егілетін дән кез келген мөлшерде, түрлі ыдыста бола алады. Өңдеу уақыты – 11 минут. Бас-аяғы 11 минут белсендірілгеннің әсерінен өнімді 30-50 пайызға дейін өнімді артық ала аламыз. Және қосымша тыңайтқыш қажет емес, – дейді Ә.Әшіров.
Ғалымның пікірінше, бұрында ауылшаруашылығы саласында дақылдардың өнімділігін арттыру үшін көптеген тәсіл болған. Алайда оның әдісінің басты ерекшелігі – экологияға зиян келмейді, өнім мутациялық өзгерістерге ұшырамайды.
– Біз ұсынып отырған әдіс бойынша бидай, арпа, күріш, жүгері, картоп, қияр сынды дәнді дақылға жүргізілген тәжірибе жұмыстары бұл технологияның әмбебаптығын, кез келген климатқа бейімділігін және ең бастысы, экологиялық қауіпсіздігін көрсетті. Оның адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ. Бұл технологияның қоршаған ортаға кері әсерінің жоқтығын және гендік өзгеріске ұшыратпайтынын дәлелдейтін сараптама қорытындылары қолымызда. Оның ішінде РФ Денсаулық сақтау министрлігі Сібір медицина университетінің, Өзбекстан ҒА Микробиология институтының, Өзбекстан ҒА-ның қорытындылары бар», – дейді өнертапқыш.
Мұның ғылыми жаңалығы, ғылыми нәтижесінің ақиқаттығы және маңыздылығы жағынан әлем тәжірибесінде баламасыз деп танылып отыр. Ал экономикалық тиімділігі Қазақстанда 2000 жылдың қазан айындағы баға бойынша 120 млн. 210 мың теңгені (бір ғана агрофирмада), ал Өзбекстанда 1997 жылғы баға бойынша 364,4 млн. сомды құраған.
Қазақстанда қазір 12 млн гектар әр түрлі дақылдарға арналған алқап бар екен.
– "Егер сол алқаптар менің тәсілімді қолданатын болса, біз 5-6 млн. тонна өсім беруіміз мүмкін.Ол 12 мемлекетті астықпен қамтамасыз ете аламыз. Есептеп көрдік, 1-1,5 млрд. адамға 1 жылға тамақ тауып беруімізге болады. Фотон сәулесі жерге 8 минутта келеді. Протон жаңбырлары 78 сағатта келеді. Біз соның бәрін есептеп отырып, үлкен планеталар Юпитер, Сатурн соның бәрін қолданып отырып, 18 параметр қолданамыз. Модулятормен тұқымдарды өңдеу қолайлы уақытын бізге астрофизикалық лаборатория тапсырыс бойынша дайындап береді – дейді ғалым.
Бүгінде Әбдімәлік Әшіровтің ашқан заңдылығы әлемнің сегіз елінде сынақтан өтіп үлгерді. Ғылыми жаңалық Қазақстанның бірқатар аймақтарында тәжірибеден өтіп жатыр. 1991 жылдан бері күн нұрының құбылыстарына іргелі зерттеулер жүргізіп, ғалым 2004 жылы ҚР Әділет министрлігінен патент алған, 2005 жылы Ганновер қаласында қорғап №272 диплом беріліп бүкіл әлемдік жаңалық ашты. Бірнеше авторлық куәліктер де, арнайы дипломдары да бар. Енді ол – "Нобель" сыйлығынан үміт етіп отыр. Атақты ғалым Сыр еліне осы жаңалығын ендіруді мұрат етуде.