Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде күрделі жағдай қалыптасып отыр
Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде күрделі жағдай қалыптасуда. Онда суды дұрыс реттемеу салдарынан 4,9 млрд текше метр су жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 млрд текше метрге артық. 14 қаңтардан бастап, Арнасайға секундына 300 текше метр су ағызу басталды», - деді Юрий Ильин.
Оның атап өтуінше, Түркістан облысының аумағында жауған қардың мол болуына байланысты жағдай күрделене түседі. Бұл ретте облыс бойынша тауларда қар қоры нормадан 47-49 пайызға артық. Бұл Арыс өзені арқылы Сырдарияға еріген қар суын ағызудың іс жүзінде реттелмейтін ұлғаюына және Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы елді мекендерді су басу қаупіне әкеп соғады.
«Қызылорда облысының әкімдігі өзенде жарылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында 10 млн теңге бөлді. 2023 жылғы 16 қаңтарда конкурс жарияланды. Сырдария өзенінің жағалауларынан шығу қаупін анықтау, сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесінің әзірлігін тексеру мақсатында ТЖМ және ЖАО жедел тобы жолға шықты. Сонымен қатар Экология министрлігіне Шардара су қоймасында және Көксарай су реттегішінде судың жинақталу барысын бақылау үшін Қызылорда және Түркістан облыстары әкімдіктерінің, ТЖ және Энергетика министрліктерінің мамандарының қатысуымен олардың басшылығымен ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы ұсыныс жолданды. Бұл жағдай, Президент Әкімшілігінің бақылауында екенін атап өткім келеді», - деді министр.