2023 жыл басынан бері Қызылорда облысында лабораториялық зерттеу нәтижесімен нақтыланған қызылша ауруының 460 жағдайы тіркелді. 387 жағдай - 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды, оның ішінде 117 жағдай 1 жасқа толмаған сәбилер арасында орын алды. Ересек тұрғындар арасынан 73 науқас анықталды.
Қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмаған, олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 65%-ын құрады, оның ішінде медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егілмегендер үлесі – 17,6%, егілетін жасқа жетпегендер үлесі - 39%, вакцинациядан бас тартқандар үлесі – 39,2%, сондай-ақ жоспарлы вакцина алуға тиісті мерзімде негізсіз себептермен (жол жүріп кету, тұрғылықты мекен-жайынан тыс жерде болу, т.б.) екпе алмай жүргендер көрсеткіші – 4,2%-ды құрады. Бұдан бөлек, 64 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз екендігі анықталды. Ауырғандардың ішінде екпе алған науқастар да бар, алайда олар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған, тек 1 дозасын алған, яғни ағзада толық иммунитет қалыптаспағандар арасынан ауруды жұқтырып алу деректері орын алып отыр.
Облыс бойынша анықталған деректердің басым бөлігі, яғни 308 жағдай Қызылорда қаласының үлесінде. Аудандар кесіміндегі көрсеткіш - Аралда-40, Қазалыда-22, Қармақшыда-7, Жалағашта-4; Сырдарияда-6, Шиеліде-66 және Жаңақорғанда-7.
Қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тек біздің елде емес, бүкіләлемде күрделенуінің себебін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясы салдарынан халық арасында қызылша ауруына қарсы вакцинациялау барысының әлсіреп, екпеден бас тартушылар санының артуымен байланыстырады. Себебі ұжымдық иммунитет бәсеңдеген сайын, ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Қауіп тобында - екпе алмаған, иммунитеті әлсіз адамдар.
Қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол адамнан адамға ауа тамшыларымен жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Қызылшамен ауыратын адаммен тіпті қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда екпе алмаған адамдардың қызылшаны жұқтыру қаупі өте жоғары.
Қызылша пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда бұл асқынулар өлімге әкелуі мүмкін. Катаральды құбылыстармен (қызба, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері және бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсынымдарын орындау керек. Қызылша ауруы бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін, сондықтан дәрігерге уақтылы барған жөн. Жіті респираторлық аурулардың белгілері бар балаларды мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепке жібермеу керек.
Қызылшадан ең тиімді қорғану жолы – уақтылы вакцинация. Ол Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген, екпе тегін жіргізіледі. Балаларға қызылшаға қарсы алғашқы егу 1 жасында және қайта егу (ревакцинация) 6 жасында жүргізіледі.
Індеттік көрсеткішке сәйкес вакцинация науқаспен байланыста болған 30 жасқа дейінгі екпе алмаған (егілмеген, толық егілмеген, егу сатусы белгісіз) азаматтарға қызылшамен ауырған науқаспен соңғы байланыста болған сәттен бастап 72 сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі.
Вакцинация үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке (ҚҚП) қарсы компонентпен қоса қолданылады.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеруді ұсынады. Ол үшін аймақтық дәрігерге жүгіну қажет. Егер балаңыз қызылшаға қарсы егілмеген болса, екпе алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі емханаға хабарласыңыз.
Динара Жанабергенова,
Қызылорда облысының санитариялық-
эпидемиологияляық бақылау департаментінің басшысы