Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҰБТ: Қызылордалық оқушылар нәтижесі қалай?

Әрбір түлек ҰБТ-дағы биылғы өзгерістің қалай боларын болжаумен болғаны анық. Жыл басында Ғылым және жоғары білім министрлігі аталған сауалға нүкте қойып, сынақта айтарлықтай жаңалық болмайтынын айтты. Тек өткен жылға қарағанда ҰБТ тапсыру санында ғана айырмашылық бар.


Анығын айнсақ. Биыл тестілеу саны – бес рет. Екеуі қаңтар, наурыз айында ақылы негізді өтті. Екі ақылы тестілеу кезінде түлек күш сынап, өзінің әлсіз түсін түсінуге мүмкіндігі болды. Қалған екі негізгі тест мамырдан шілдеге дейін созылуда. Түлек осы негізгі екі кезеңнің ішіндегі ең жоғары балл арқылы грантқа үміткер бола алады. Тамыз айында бесінші кезең де бар. Бұл ақылы оқуға түсетін немесе тапсыруға үлгермеген, сондай-ақ халықаралық университеттердің нәтижесін күтіп жүргендерге арналған.
ҰБТ басталғалы әлеуметтік желіде жоғары балл жинаған түлектер туралы ақпарат тарады. Әр өңір өз үздігін насихаттап, түлектерге шабыт сыйлағаны анық. Облыста да аталған үрдіс бұзылмай, жақсы нәтиже көрсеткен оқушылардың есімі көп естілді. Соның ішінде Қызылорда қаласындағы С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейдің оқушысы Сейілхан Оралхан ҰБТ-дан 134 балл жинады. Осылайша, жылдар бойы жиған еңбектің жемісін көріп, мектеп мақтанышына айналды.
Ұстаздарының айтуынша, Сейілхан Оралхан ұлттық бірыңғай тестілеуге ерекше дайындалған. Көп уақытын ізденіске жұмсаған оқушының үздік нәтижесі ата-анасын да қуанышқа бөлегені анық.
Мектеп түлегі қатарластарына сәттілік тілеп, маңызды сынақтан сүрінбей өтуге кеңес берді.
– ҰБТ тапсырушыларға айтарым, ең бастысы,  қорықпау керек. Аталған сынақ өмірдің соңы емес. Бұл – жай ғана өмірдегі кішкене баспалдақтың бірі, – деді Сейілхан Оралхан.
Қаладағы С.Әлжіков атындағы №144 орта мектебінің түлектері де жарап тұр. Мұнда Арсен Раушанбеков есімді түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуден 132 балл жинаған. Оның ішінде математика пәнінен – 49 балл, география пәнінен – 45 балл алған.
Сондай-ақ әзірге облыс бойынша ең жоғарғы балл жинаған екі талапкер белгілі. Олар – Қармақшы ауданындағы №121 мектептің түлегі Мақсат Қуанышбек пен Жаңақорған ауданындағы №54 мектептің түлегі Аружан Шазат. Қос түлек 136 балды еншілепті.
– ҰБТ-ға жүйелі дайындық жүргіздім. «Juz40» онлайн білім беру орталығының әдістемесін пайдаланғаным да көмегін берген секілді. Нәтижесінде әр ҰБТ тапсырған сайын көрсеткіш көтерілгенін байқадым. Мысалы, алғашқы сынақта 70 балл алсам, кейін қаңтар мен наурыздағы ҰБТ-да 125 балл жинадым. Міне, негізгі кезеңде 136 балл иеленуге мүмкіндік туды, – деді Мақсат Қуанышбек.\
Айта кетейік, биыл Қызылорда қаласында 3273 түлек ҰБТ-ға қатысуда. Оның ішінде 206-сы «Алтын белгі» иегері.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: