Қызылордалық жас өнертапқыш Асылжан Абдуллаев жасанды интеллектіні қазақ тілінде сөйлетті. Оның аталған жобасы көпшілік арасында жоғары бағасын алып отыр. Осындай маңызды бағдарламаларды ойдағыдай жүзеге асырып жүрген Асылжан Абдуллаевты әңгімеге тартқан едік.
— Алдымен өзің жайлы айта кетсең. Қай жерде дүниеге келдің? Бұл сала сені қандай ерекшелігімен қызықтырады?
— Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келдім. Бала кезімнен ІТ саласына ерекше қызығамын. Қазір әлемде жаңашыл жобалар жүзеге асып жатыр. Қаншама технология өмірімізге енді. Кезінде адамзат баласының қиялына келмейтін түрлі дүние қазір бізді еш таңғалдыра қоймайды. Сондықтан қазір жастар арасында аталған салаға ерекше қызығушылық басым. Мұндай өнертапқыш жастар еліміздің барлық өңірінде кездеседі. Олардың қатарында қызылордалық азаматтар да бар. Алдағы уақытта талай жаңашыл істер жүзеге асады деген ойдамын. Қазір 16 жастамын, жасанды интеллектіні қазақ тілінде сөйлеткен жобам білікті мамандар тарапынан жоғары баға алғаны қуантады.
Бүгінде жасанды интеллект өте қарқынды дамып жатыр. Сен оны қазақша сөйлету мақсатында жобаны жүзеге асырдың. Бұл идея қайдан келді?
— Жасанды интеллект сөзін алғаш рет 1956 жылы Дартмут университетінде өткен конференцияда Джон Маккарти қолданған. Маккартидің айтуынша, жасанды интеллектіні зерттеушілер нақты проблеманы шешу үшін адамдарда байқалмайтын интеллектіні зерттеуіне болады. Өзінің анықтамасын түсіндіру барысында ол «Әзірше біз бүтіндей қандай есептеуіш процедураларды интеллектуалды деп айта алатынымызды білмейміз. Сол себепті интеллект сөзін әлемде мақсатқа жету үшін қолданылатын әдістердің есептеуіш бөлігі деп қана түсініп жүрміз» деген еді. Шындығында, жасанды интеллект Джон Маккартиге дейін де қолданылған. Тек оған дәл осы атау берілмеген болатын.
Қазірге дейін бұл бағытта ағылшын және орыс тілінде жасалған жасанды интеллект базасы өте көп екенін айта кетелік. Өкініштісі, қазақшасын табу қиын. Сондықтан неге осы жобаны жасамасқа деген ойға келдім. Сол бағытта талаптанып көрдім. Мен осы кезге дейін ІТ бағыттағы бірнеше байқауға қатысып, тәжірибе жинадым. Өзім қатарлы жігіттердің жобасынан артықшылығы мен кемшілігін қарай отырып, осы идеяны әрі қарай дамытқым келді. Осылайша QazaqGPT-дің алғашқы прототипі пайда болды.
— ІТ саласы арқылы өмірді жеңілдетуге болады деген пікір бар. Бұл жобаның пайдасы қандай?
— Бұл жоба әркімге әртүрлі пайда әкеледі. Оны қолдана білу қажет. Артықшылығы, америкалық прототиптерге қарағанда 50 миллиардқа ауқымды. Қазірдің өзінде 2000-нан астам адам аталған ботымды Telegram арқылы пайдаланып көрді.
Жоба сурет салып, сөйлей де алады. Егер қаласаңыз ғылыми жоба жасап береді. Яғни, адамдардың өмірін жеңілдетіп, оларды одан әрі функционалды етеді. Оқушылар да, студенттер де өзіне керек ақпаратты қазақ тілінде ала алады. Әрине, қазір оны дамытып жатырмын. Тұтастай барлық сала бар деп айта алмаймын. Әзірге бот ретінде жұмыс істеп тұр. Алдағы екі ай ішінде оның бағдарламасын (мобильді қосымшасын) жасап шығару ойда бар.
— Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қабылдауында болған екенсің. Министр жоба жайлы қандай пікір айтты?
— Негізі жобамды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин көріп шықты. Жобаны студент емес, мектеп оқушысы жасағанына қатты таңғалды және жылы сөздер айтты. Мен үшін бұл үлкен мотивация болды.
— Естуімізше, сенің QazaqGPT америкалық сарапшылардың оң бағасын алған көрінеді. Бұл мүмкіндікке қалай қолың жетті?
— Иә, Enactus халықаралық ұйымының арқасында Рэндалл Бруинс атты америкалық философия ғылымдарының докторы әрі осы ұйымның стратегиялық кеңесшісімен кездестім. Бұл кездесуден өте керемет әсер алдым. Ол болашақта АҚШ-қа келуге ұсыныс айтты. Жобамды қуана қабылдап, жоғары бағасын берді. Жақында жасанды интеллект бойынша АҚШ-та өтетін байқауға өтінім қалдырған едім. Іріктеуден өтіп, жартылай финалға жолдама алдым.
— Ауыл баласы екенсің, сенің ІТ салаға қызығушылығыңды арттыруға кім ықпал етті?
— Иә, ІТ саласында шекара жоқ. Ауылда отырып та, өзің қалаған жобаны іске асыра аласың. Әрине, көп байқауға қатысу мені шыңдады. Бұл салада ұстаз ретінде ақылын айтып, ағамдай болып кеткен Нұрлан Құлмырзаев, Сәбит Ибадулла, Темірлан Әбжанов сынды азаматтарға рақмет айтамын. Олардан әлі де үйренерім көп.
— ІТ бағыт бойынша келешекте қандай идеяларды іске асырғың келеді?
— Қазіргі таңда 6 жобаны аяқтадым. Ендігі жобам экология бағытында болмақ. Сол жобаны жүзеге асырып жүрген команда мүшелері ол бойынша Франция астанасы Париж қаласында өткен байқаудан алтын медаль алып келді. Осы жобамен алдағы уақытта біраз жоспарымыз бар. Қазіргі таңда 3 университет грантын ұсынып отыр. Еліме пайдалы қызмет ететіндей сапалы білім алғым келеді.
— Әңгімеңізге рақмет.