Аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 2022 жылдан бері жергілікті тұрғындар әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін ұжымдасып еге бастады. Биыл облыс бойынша 5 100 отбасыға бақша егу үшін 3 300 гектар жер дайындалды, 866 гектарға картоп, 885 гектарға көкөніс, 1 550 гектарға бақша дақылдары егілді. Өткен жылы 3 179 гектар жер дайындалып, картоп 917 гектарға, көкөніс 817 гектарға, бақша 1 446 гектарға егілген болатын.
![]()
Қазір нарықта Жаңақорған қарбызы сұранысқа ие. Биыл Жаңақорған ауданының Ақүй және Жайылма ауылдық округтерінде 1500 гектарға қарбыз егілді. Бүгінде жергілікті диқандар ерте пісетін қарбыз өсірудің барлық әдіс-тәсілін толық меңгерген. Көшетті алдымен ауладағы жылыжайда өсіріп, кейіннен ашық алқапқа көшіру әдісін қолдануда.Биыл қарбыз ерте пісіп, нарыққа шығарылды. Қазіргі таңда 1500 тоннаға жуық қарбыз сатылып, оның 700 тоннасы көрші Ресейге экспортталды. Қалғаны еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді.
Десе де біздің өңірде қысқы мезгілде көкөніс-бақша өнімдеріне тапшылық байқалады. Неге жылыжай өндірісін дамытуға мән берілмей келеді? Қызылордалық ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосановты жергілікті жұртшылық көкөніс-бақша дақылдарын егу және зерттеумен айналысып жүрген маман ретінда жақсы біледі. Сыр топырағына бейімделген сорттардан мол өнім алуға назар аударған ол ғылым мен тәжірибені қатар жүргізіп келеді. Ғалыммен сұхбат барысында тілші аталған тақырыпқа байланысты мәселелерді жан-жақты таразылап, оны шешу жолдары жөнінде ой бөліскен еді.
— Сыр өңірінің тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Олардың арасында басты дақыл — күріш өсірушілер саны басым. Ал көкөніс-бақша өнімдерін егу әлі де өз деңгейінде емес. Оны сырттан тасымалдауға мәжбүрміз. Сіз қалай ойлайсыз, бізде көкөніс-бақша дақылдарын көбейтуге мүмкіндік бар ма? Әлде, экологиялық жағдайға байланысты оған байланысты қиындық кездесе ме?
— Бұл тақырып қай кезде де өзектілігін жойған емес. Бізде барлық дақылды өсіруге болады. Оған Аралдан Жаңақорғанға дейінгі барлық ауданда мүмкіндік бар екенін жасыра алмаймыз. Мәселен, Жаңақорғанда Жайылма елді мекенінің диқандары қауын-қарбыз өнімдерін қазақстандық тұтынушылармен қатар Ресейге де шығарып отыр. Осындай жағдай Арал ауданындағы Ақбай ауылында да байқалады. Яғни, облыстың екі шетіндегі аудандарда көкөніс-бақша дақылдарын егуге әбден болады. Кейде ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге топырақ, климаттық жағдай сәйкес келмейді деген ұшқары пікір айтылып жатады. Мен бұл пікірді қолдамаймын. Судың жағдайы шешілген болса, облыстың қай ауданында да көкөніс-бақша дақылдарын егуге мүмкіндік бар. Соңғы екі жылда облыс басшылығының қолдауымен барлық ауданда жергілікті азаматтарға көкөніс-бақша дақылдарын егуге қолайлы жағдай жасалуда. Олардың қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны қуантады.
Әлемнің тропикалық жерлерінде өсетін кейбір дақылдар бізде өсіп жатыр. Әрине, олардың барлығын кең көлемде өсіруге мүмкін болмас. Жергілікті лиқандардың ол жөнінен тәжірибесі мол. Дегенмен қиындығы жоқ емес. Алдымен олар қандай сорттарды егіп жүр деген сауал туындайды. Бұл — ойланатын мәселе. Жалпы, әрбір дақылдың сапасы тұқымына байланысты екені белгілі. Қазір бізде осы мақсатта жұмыс жасап жатқан ешқандай құрылым жоқ. Диқандар қолға түскен тұқымдарды егеді. Айналып келгенде, ол тұқымның сапасына әсер етіп жатады. Қазір қауын-қарбыздың дәміне байланысты жиі сын айтылады. Бұрынғыдай тәтті емес деген сөздерді естиміз. Жасыратыны жоқ, қазір тұқым мәселесі ұмыт қалып кетті. Алдағы уақытта осы мәселені ескергеніміз жөн.
— Облыста кезінде аталған мәселе қалай шешілді? Қызылорда қаласы мен аудандар көкөніс-бақша өнімдерімен қалай қамтамасыз етілді?
— Тоқсаныншы жылдарға дейін облыста бұл бағытта арнайы маманданған арнайы шаруашылықтар жұмыс істеді. Мәселен, Қызылорданың жанында орналасқан көптеген елді мекен тұрғындары қаланы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етті. Оған қоса Жаңақорған ауданындағы Юбилейный (қазіргі Кеңес) ауылында жүзім шаруашылығы дамыды. Ал Шиелі ауданындағы Алмалы елді мекенінде алма және басқа да жеміс түрлері өсірілді. Бұл сыртқа тәуелді болуды азайтты. Сондай-ақ, көптеген ауылда алма бағы бар еді. Өкініштісі, беріде соның бәрінен айырылып қалдық. Салдарынан сырттан тасымалдауға мәжбүр болғанымыз жасырын емес.
Рас, кейінгі жылдары оған көңіл бөліп жатқан шаруашылықтар бар. Мәселен, Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы алма, алмұрт және басқа да көкөніс-бақша дақылдарын егіп, мол өнім жинап жүр. Қуаныштысы, олардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Менің өзім де жылма-жыл тәжірибелік негізде шаруашылықтарда қауын-қарбыз өнімдерін өсіріп жүрмін.
— Алынған өнімдерді сақтау жағдайы қалай болып жатыр? Қысқы мезгілде оны сырттан тасымаладауға мәжбүрміз. Бұл мәселені қалай шешуге болады?
— Осы орайда көршілес Өзбекстанды мысалға алайықшы. Онда алынған өнімдерді сақтау мәселесі дұрыс жолға қойылып отыр. Нәтижесінде олар өз өнімдерін жыл бойына тұтынушыларына жеткізе алады. Бізде осы жағы кемшін түсіп тұр. Қазірге дейін оған назар аударыла қойған жоқ. Алдағы уақытта оң шешімін табады деген үміттемін. Облыста бұл бағытта тың жобалар қолға алынып отыр. Жаңақорған ауданында көкөніс-бақша өнімдерін сақтайтын арнайы қойма ашылды. Оны белгілі кәсіпкер Бақдәулет Мақашев қолға алды. Келешекте олардың қатары көбейеді деген ойдамын. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе деймін. Олардың барлығын атқаруға кәсіпкерлердің шамасы келе беремуі мүмкін ғой.
— Облыста жылыжай мәселесі кенжелеп келеді. Оның себебі неде? Аймақтың көптеген елді мекенінде «көгілдір отын» мәселесі шешіліп келеді. Ол жылыжайға қатысты жылу мәселесін шешуге оң ықпалын тигізеді емес пе?
— Бұл жөнінен көршілес Түркістан облысын үлгі ретінде көрсетуге болады. Онда жергілікті шаруалар бұл іске әбден маманданған. Тәжірибесі мол. Ол Қызылорда облысында әлі жолға қойыла қойған жоқ. Біріншіден, жылыжайда көкөніс-бақша дақылдарын өсіретін арнайы агроном мамандар қажет екені белгілі. Бізде сол мамандар саны аз. Істің көзін білмегеннен кейін одан пайда табудың орнына зиян шешіп қалуың ғажап емес. Қызылордалық шаруаларды осы жағы ойландырады. Өйткені, егілген дақылға қанша су, минералдық тыңайтқыш берілуі қажет? Соның барлығы назарда болуы тиіс. Олай жасамасаң, ешқандай өнім ала алмайтының ақиқат.
— Қазір жастардың арасында диқандық кәсіпке қызығушылар саны азайып кеткен секілді. Бұл мәселені қалай шешуге болады?
— Диқандық кәсіпті оңай шаруа деп айта алмаймын. Көктем мен күзгі мезгілде қаншама қыруар шаруаны атқарады. Ауа райының жағдайына қарамай, бел шеше еңбек етеді. Қиындығы көп жұмыс екенін білеміз. Бұл жастарға онша ұнай қоймайтыны рас. Сондықтан елімізде диқандарды қолдау бағытында көптеген жұмыс жасалуы тиіс деп ойлаймын. Ертеңгі күнді де естен шығармайық. Алдағы уақытта оларға қолдау болмаса, диқандық кәсіпке қызығушылық төмендеуі мүмкін. Ол өнім бағасының қымбаттауына алып келеді. Ондай жағдайда ол өнімдерді сырттан тасымлдауға мәжбүр боламыз. Мәселен, оларға тұқым мәселесіне байланысты қолдау жасалса артық емес. Сондай-ақ олардың өнімдерін сатып алу мәселесі қарастырылса деймін. Кейде шығарған өнімін өткізе алмай, құр шығынға батып жатқан диқандарды естиміз. Ол өнімдерді нарыққа шығарғанға дейінгі аралықта үлкен қол жұмысы жатыр. Әзірге ол қол күшімен атқарылады. Бұл да адамға физикалық тұрғыдан күш түсіреді. Айналып келгенде, мұндай келеңсіздік диқандық кәсіпке қызығушылықты төмендетеді.