Елімізде жасанды интелект ІТ саласын жетік меңгерген жастардың қатарының көбейгені қуантады. Жыл өткен сайын тың жобалар өз жемісін беріп отыр. Олардың арасында технологиясы қарыштап дамыған елдердің мамандары жоғары бағалайтын жастар бар. Бүгінде жер жүзінде ІТ саласының дамуына орасан зор маңыз беріліп отыр. Жаңашыл жобалардың жүзеге асуына қазақстандық жастардың да үлес қосып жатқаны қуантады. Олардың алдағы мүмкіндігі қандай?
![]()
Инновациялық жобалар – ел игілігіне
Бұл бағытта Сыр өңірінде де көптеген жобалар қолға алынып отыр. Аталған салада жемісті еңбек етіп жүрген маман Сәбит Ибадулла былтыр Қорқыт ата университеті Оңтүстік Корея елімен бірлесіп жасанды интеллект мектебін ашқанын атап өтті. Қазіргі таңда студенттер технология саласы қарыштап дамыған елдің ұстаздарынан тәлім алуды бастап кетті.
– Алдағы уақытта екі ел арасындағы бірлескен жұмыстар жалғасын табады деген үміттеміз. Жоғары оқу орнында арнайы жасанды интеллект бойынша 100-ге жуық грант беру мәселесі қаралып отыр. Мұндай мүмкіндікке қол жеткізген студенттер екі жыл көлемінде Оңтүстік Кореяда білім алады. Бұл – біздің өңірдің жастарына өте қажетті әрі ыңғайлы жоба. Келешекте жас мамандар өздерінің тың жобасын жарыққа шығаруға мүмкіндік алады деген ойдамын. Одан бөлек жаңа идеяларды жүзеге асыруға «Kyzylorda Hub», «ІТ park», «Astana Hub» секілді орталықтар арқылы жүзеге асыруға болады. Осы мақсатта тұрақты түрде облыс әкімдігімен бірлескен әртүрлі шаралар өткізілуде, – деді Сәбит Ибадулла.
Облыста «Hackathon», «Pecha-Kucha» секілді іс-шаралар ұйымдастырылады. Былтыр жасанды интеллектті дамыту бағытында ұйымдастырылған инновациялық фестивальда көптеген жобаларға жол ашылды.
– Солардың бірі – жасанды интеллектіні қазақша сөйлетіп, ерекше жоба дайындаған оқушы Асылжан Абдуллаевты білікті мамандар жоғары бағалап отыр. Бұл жобаға елімізден бөлек, шет мемлекеттерден де қызығушылық білдіруде. Қазірге дейін бұл бағытта ағылшын және орыс тілінде жасалған жасанды интеллект базасы өте бай. Өкініштісі, олардың арасынан қазақшасын табу қиын. QazaqGPT жобасы әркімге әртүрлі пайда әкеледі. Оны қолдана білу қажет. Артықшылығы, америкалық прототиптерге қарағанда 50 миллиардқа ауқымды. Қазірдің өзінде 2000-нан астам адам аталған ботты Telegram арқылы пайдаланып көрді. Әр кезеңнің талабына сай жаңа технология пайда болады. Қазірге дейін робототехникаға мән берілді, ендігі кезекте жасанды интеллект арқылы жаңа индустрияға жол ашылып отыр. Сол себепті ІТ саланы дамытуға мүмкіндік жасау ел экономикасына жаңа серпін әкеледі деген ойдамын, – деді ол.
Әлемдік компаниялар қазақстандық жастарды бағалайды
Ал «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Түбекбаевтың айтуынша, бүгінде еңбек нарығында ІТ саласының мамандары жоғары сұранысқа ие болып отыр. Қоғамның кез келген саласында оның қажеттілігі айқын аңғарылады. Тіпті технология күнделікті өмірде де кеңінен қолданылып отыр.
– Бірнеше ауқымды жобаны қолға алдық. Оған қала мен шалғайдағы елді мекендегі дарынды жастарды тартуға мән беріп келеміз. Олардың тың жобасын одан әрі жетілдіруге қолдау көрсетіледі. Сол жұмыстардың арқасында өңірде сәтті жобалар жарыққа шықты. Статистикалық мәліметке сүйенсек, ІТ бағытында өткізілетін жобаларға Қызылорда қаласына қарағанда, шалғай ауылдан келетін жас өрендердің саны басым. Әсіресе, Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының жастары өте белсенді. Бұл бізді ерекше қуантады. Алда көптеген жаңа жобалар мен жоспарлар орындалады деген үмітіміз бар, – деді Ж.Түбекбаев.
Оның айтуынша, қазақстандық жастардың ІТ саласы, жасанды интеллект бойынша алған білімі шетелдік мамандар тарапынан жоғары бағаланады. Олардың қабілет деңгейі ешкімнен кем соқпайды. Алдағы уақытта қазақстандық жастардың арасынан әлемдік деңгейдегі тың жобаларға түрен салатын талантты азаматтар шығатынына сенім зор.
– Қазірдің өзінде Google секілді дүние жүзіне белгілі компанияларда қызмет атқарып жүрген қызылордалық жастар бар. Алдағы уақытта олардың қатары толығады деген ойдамын. Осындай талантты азаматтардың арқасында қазақстандық ІТ саласы, жасанды интеллект дамудың жаңа сатысына беттеп келеді, – деді ол.
Әрбір оқушы білуі тиіс
Жасанды интеллект сөзін алғаш рет 1956 жылы Дартмут университетінде өткен конференцияда Джон Маккарти қолданған. Ол өзінің анықтамасын түсіндіру барысында «Әзірше біз бүтіндей қандай есептеуіш процедураларды интеллектуалды деп айта алатынымызды білмейміз. Сол себепті интеллект сөзін әлемде мақсатқа жету үшін қолданылатын әдістердің есептеуіш бөлігі деп қана түсініп жүрміз» деген еді.
«Grand master» бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаев ІТ тек айтишниктерге арналмағанын айтады. Бұл қоғамның барлық тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты.
– Сол себепті мектеп табалдырығын аттаған әрбір оқушы осы сала бойынша толық білім алуы керек деп ойлаймын. Бұл жердегі басты мақсат – барлығын ІТ маманы ету емес, болашағына қажет болатын қарапайым қызметтен хабардар болсын деген ой. Біздің ІТ парк базасында 12 резидент бар. Олардың әрқайсысы айына 2 рет іс-шара өткізеді. Оған біз ауылдық, аудандық мектептің және колледждің балаларын онлайн түрде қатыстырамыз. Одан бөлек, шетелдің мамандарынан кеңес алып, балалармен кездесу ұйымдастырамыз. Биыл жасөспірімдерге арналған тағы бір жоба өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді А. Қуанышбаев.
Киберқауіпсіздік балалар үшін өте маңызды
Екі жылдай бұрын Қызылордада өткен ІТ бағытындағы «Innofest-2022» конкурсының жеңімпазы София Темірболат тұңғыш рет комикс форматында кітап шығарды. Ол конкурстан ұтып алған 500 мың теңгеге өз идеясын іске асырып, виртуалды ортамен қауіпсіз байланыс дағдысын дамытатын «Cyber City хикаялары» кітабын жазып шықты. Жаңа кітап оқушыларға цифрлық қауіпсіздікті түсіндіреді. Оны қызықты қысқа комикс əңгімелер арқылы жеткізеді. Олардың технологиялық жəне дүниетанымдық салалар бойынша білімін қалыптастырады.
- Өзің дайындап шығарған кітаптың қандай маңызы бар? Оның жас өрендерге қандай пайдасы тиеді?
- Комикс кітабында балалардың интернеттегі қауіпсіздік ережесі жөнінде жан-жақты қамтылған. Олардың жаңа терминдерден хабардар болуына, ақпараттық мəдениетті жетілдіруге көмектеседі. Енді келешекте басқа да бөлімдерін жазу ойымда бар. Келешекте кітапты әрі қарай дамытуды көздеп отырмын.
Кітаптың тұсаукесерінде Қорқыт ата университетінің экономика және құқық институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев мұндай дүниелердің гаджеттерге әуес альфа ұрпақ балаларға интернеттегі киберқауіпсіздік пен ақпараттық гигиенаны сақтауға мүмкіндік беретінін айтып өтті. Жаңа кітаптың тұсаукесерінде мен ерекше қажеттілігі бар балаларға кітапты сыйға тарттым.
Әзірге кітап 500 данамен шығарылды. Ол қала мектептеріне тегін таратылады. Кибергигиена ересектер үшін ғана емес, балалар үшін де маңызды. Өйткені олар интернетте көп уақыт өткізеді. Желідегі жас пайдаланушылардың көпшілігінде киберқауіпсіздік саласында қажетті білім мен дағдылар жоқ.
- Жобаны дайындау барысында қандай бағдарлама мен зерттеулерге назар аударылды?
- Жоба - Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының арнайы «Қауіпсіз интернет», «Кибербуллинг – ол не және оны қалай тоқтату қажет?» кибербуллингке қарсы бағдарламасы мен зерттеулері аясында жасалған. Кітап арқылы балалар қауіпсіз киберкеңістікті оқып, цифрлық иллюстрациялар мен комикстерді кәсіби оқуға мүмкіндік алады.
Еңбекте шетелдік мамандардың пікірі мен зерттеулерін негізге ала отырып, 10 бөлімнен тұратын кітаптар сериясы әзірленді. Комиксті құрастыру үшін жапон, корей, Еуропа елдерінің суретшілерінен дәріс алып, шеберлігімді шыңдадым.
- Виртуалды әлеммен қауіпсіз байланыс дағдысын дамытуға қанша жастан бастап назар аударған жөн?
- Айта кетсек, виртуалды ортамен қауіпсіз байланыс дағдысын дамыту мүмкіндігінше ертерек басталуы керек. Комикс кітабы балаларды жан-жақты ақпараттық технологиялардың мүмкіндігімен таныстырып қана қоймады. Танымдық бағыт бойынша оқушының интернеттегі қауіпсіздік ережесімен, жаңа терминдерден хабардар болуына, ақпараттық мəдениетті жетілдіруге көмектеседі.
Комикс кітабы балаларда киберэмоционалды интеллект қалыптастырады. Практикалық бағыт бойынша компьютерлік сауаттылығын арттыра алады. Кітаптың маңыздылығы - балалардың цифрлық қауіпсіздікті қызықты қысқа комикс əңгімелер арқылы меңгерте отырып, олардың технологиялық жəне дүниетанымдық салалар бойынша білімін қалыптастырады.
Əрбір əңгіме соңында балалар комиксте көрсетілген тақырыпқа сəйкес белгілі бір білім қорына, біліктілікке ие болады. Комикс кітабы балалардың жас ерекшеліктері мен олардың ақпараттық технологиялар бойынша білімінің қалыптасу деңгейін ескере отырып жасалған. Ол бастауыш сынып оқушыларына, информатика пəнін оқытуда қосымша оқу кұралы ретінде ұсынылған.
- Аталған кітапта балаларға қандай кеңестер айтылған?
- Мәселен, кітапта балаларға телефонды үнемі пайдалану денсаулыққа зиянды екеніне назар аударамын. Мәселен, зерттеулерге сүйенсек, телефонды күніне 30-40 минуттан артық пайдалану ақыл-ой дамуына кері әсер етеді. Оған қоса көздің көру қабілеті де нашарлауына алып келеді. Сондай-ақ, ата-ана рұқсатынсыз ойындарды, қосымшаларды телефонға орнатуға болмайды. Өйткені, кейбір онлайн ойындар қауіпті болуы мүмкін. Ата-анаңнан қолданбалар мен ойындарды пайдалануға уақыт шектеуін қоюды сұраған артық емес.
Осылайша сен өз бос уақытыңды тиімді пайдалануға әбден болады. Мысалы, сүйікті хоббиің, кітап оқу, спортпен шұғылдануға уақыт табылады. Бос уақытты тиімді пайдалану үшін жоспар құрған артық емес. Бір күнге, аптаға, айға жоспар құру - балалардың бірде бір минутын босқа кетірмеуге көмектеседі.
- Сондай-ақ, кейбір жағдайда интернетті пайдалану барысында балаларды пайдалы істермен айналысуға тартуға болады ғой. Оған көзқарасың қалай?
- Иә, қазір түрлі әлеуметтік желілер бар. Аталған әлеуметтік желілерде түрлі дүниелер жарияланып жатады. Десе де өзің дайындайтын дүниенің маңызды және сапалы екеніне назар аударған артық емес. Мәселен, балалар бейнеөнімді түсіруді және оларды әлеуметтік желіге жүктеуді ұнатса, басқаларға қандай пайдасы бар екеніне назар аударғаны дұрыс. Мысалы, білім беру арнасы пәндер бойынша тапсырманы қалай шешуге болады. Ағылшын тіліндегі тапсырманы қалай тез үйреніп жаттауға мүмкіндік бар. Оған қоса қолөнермен айналысу, пайдалы кеңестер тағы басқа арналарды ашу өте қызықты.