Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің қатысуымен кент тазалығына байланысты дәстүрлі апталық жиынның айлық қорытындысы өтті. Кенттегі көше тазалығына ластануына жол берген тұрғындарды анықтау мақсатында Әйтеке би кенті әкімдігі жанынан 3 бөлім бойынша құрылған жедел топ 1 ай көлемінде жүргізілген рейд жұмыстары туралы баяндады.
Рейд жұмыстары барысында 65 азамат көшеге тұрмыстық қалдықтарды тастау, лас су төгу, көше бойына көлік жуу барысында ұсталса, оның 14-не сот арқылы 277 480 теңге көлемінде айыппұл салынған. 1 адам екі тәуліктік қамауға алынған, 2 азаматқа аудан көлемінде болмауына байланысты тиісті шешім қабылданбаса, 3 азаматқа ескерту берілген. Ал қалған азаматтардың кейбіріне тексеру жұмыстары жүргізіліп жатса, енді кейбіріне сот процестері жүргізілуде.
Сондай-ақ, көше бойына құрылыс материалдарын шығарып қойған азаматтарды анықтауға байланысты жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 29 азамат анықталған.