Біріккен бағдарламаның нәтижелі бастамаларымен танысты
Біріккен Ұлттар Ұйымы іс-шараларының аясында 2015 жылдың 9-10 сәуір аралығында ұлттық экономика министрлігі мен БҰҰ-ның агенттіктерінің өкілдері Сыр елінде бас қосты.
Делегация өкілдері облысымызда жүзеге асырылып жатқан «Қызылорда облысы бойынша жергілікті халықтың және халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына әлеуметтік, экономикалық және экологиялық жағынан инновациялық тәсілдерді ендіре отырып, қолдау көрсету» атты біріккен бағдарламасының нәтижелі бастамаларымен танысты.
Сонымен қатар, 10 сәуірде Қызылорда облысы әкімдігінде БҰҰ агенттіктерінің қатысуымен 2014 жылдың қорытындысы бойынша бірігіп жасалған бағдарламаның басқару жиналысы болып өтті.
Жоғарыда аталған біріккен бағдарлама аймақ халқының өмір сүру сапасын көтеру мақсатында өткен жылы қабылданып, БҰҰ-ы жүйесінің 6 агенттігі мен (ПРООН, ЮНИСЕФ, ЮНПФА, ЮНЕСКО, ВОЗ, ООН-женщины) жүзеге асырылуда. Бағдарлама өткен жылдан бері іске асырылып келеді және оның осы кезеңге дейінгі жасалған жұмыстардың нәтижесін айқын көруге болады. Атап айтсақ, екі ауданда әлеуметтік мәселелерді шешу жолымен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бойынша жобалар жүзеге асырылды. Сонымен қатар, 22 адам жұмысқа қабылданды, оның 12-сі мүмкіндігі шектеулі адамдар.
Халықтың әлеуметтік осал топтарының арасында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған және мемлекеттік қызметкерлер жұмысының сапасын көтеру мақсатында түрлі оқулар,семинарлар, тренингтер өткізілді.
Кездесуде қатысушылар жасалған жұмыстарының нәтижелі қорытындысы мен болашаққа деген жоспары туралы талқылады.
Сонымен қатар, жиналыста БҰҰ-ы мен Үкіметтік құрылымының қарым-қатынасының негізі және олардың жемісті нәтижеге қол жеткізуіне қажетті басты салалар туралы сөз қозғалды.
Облысымызда Үкіметтік емес ұйымдар нәтижелі жұмыс жасауда және бюджеттік ұйымдар барлық әлеуметтік тапсырыстарын солардың көмегімен іске асырып жатқандығын айта кету керек.
Қорыта келе, қатысушылар Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қызылорда облысының әкімдігі арасындағы біріккен бағдарламаның аймақтың дамуына ауқымды үлес қосатындығын атап өтті.