Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жаңақорғандағы құрылыс нысандарының жұмысы қалай жүргізілуде?

Жаңақорғандағы құрылыс нысандарының жұмысы қалай жүргізілуде?Облыс әкімінің орынбасары Н.Әлібаев Жаңақорған ауданында болып, бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Онда жасалып жатқан жұмыс барысымен танысты. 
Сапар барысында көне Сығанақ қаласындағы қазба жұмыстарымен танысты. Мұнан соң Жаңақорған кентінің солтүстік шығысындағы құрылысы бітуге жақын спорттық-сауықтыру кешенін көрді, Абай және Раушанбек көшелері бойында газ құбырын тартумен айналысушы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда филиалының жұмыстарының барысын бағамдады. 
Келесі кезекте Б.Майлин көшесінің тұрғыны Н.Шалаповтың үйіне тартылған газ желісінің сапасына назар аударды. Нұржан Нұрмағамбетұлы мердігер мекеме басшыларына газдандыру бағытында жасалған жұмыстарға халыққа тиімді бағамен есептесуді, сол секілді есептегіш, пеш қондырғыларын сапалы орналастыру мәселесін ұсынды. 
Мұнан соң кент орталығындағы ауысымында 250 келуші қабылдайтын емхананың, Талап бекетіндегі 100 орындық мектеп пен Түгіскен ауылдық жанұялық емхананың құрылыс жұмыстарымен танысты. 
Облыс әкімінің орынбасарының қатысуымен аудан әкімдігінің кіші залында қорытынды жиын өткізілді. 
Нұржан Нұрмағамбетұлы жиын барысында облыс көлемінде жүргізіліп жатқан газ, емханалар мен мектептердің құрылыстары, елді мекендерде жүргізіліп жатқан жай және орташа жол жөндеу жұмыстарының барысы жайлы айтты. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан әкімі Р.Рүстемов және тиісті сала басшылары хабарлама жасады. 
Аудан басшысы төмендегі мәселелерге тоқталды. 
– Кент орталығындағы 250 келушіге арналған аудандық емхананың құрылыс жұмыстарына биылғы жылы 340 млн теңге қаржы қаралып отыр. Құрылыс барысы бақылауға алынған және мемлекет қаржысы мақсатты жұмсалуына назар аударылып келеді. Сол секілді Қорасан Ата кесенесіне баратын жолдың орташа жөндеуіне облыстық бюджеттен 107 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда 7 шақырым жердің жолына тас төселіп, тегістелуде, – деді. 
Облыс әкімінің шешімімен тірек ауылы болып танылған Аққорған ауылы көшелеріне де орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Талап бекетіндегі мектептің екінші қабат құрылыстары басталды. Кенттегі спорттық-сауықтыру кешені құрылысы енді бірер аптада толық аяқталатын болады. Газдандыру жұмысына байланысты кент көшелеріне негізгі құбырлар тартылуда. 
Жиынды қорытқан Нұржан Нұрмағамбетұлы Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолы бойындағы тазалық сын көтермейтінін тілге тиек етті. Бұл бойынша жол пайдалану басқармасы (ДЭУ) жауапты екені баса айтылды. Аталған сын қорытындысына байланысты талап алдағы уақытта қатаң сұралатын болады.

Ерубай Қалдыбек

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: