Кәсіби мемлекеттік аппарат құру тақырыбында ой бөлісті
Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін реформалауда, аппараттың жұмысын қағазбастылықтан арылту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Осы орайда Арал ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Жанұзақовтың төрағалық етуімен өткен бүгінгі мәжілісте Елбасы ұсынған 5 институционалдық реформасының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» қадамының өзектілігіне мән берілді.
ҚРМ қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Берікбол Байхожаев 100 қадамның алғашқы 15 қадамын «Кәсіби мемлекеттік аппарат» құрудың маңыздылығына тоқталып, елдегі индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету мемлекеттік аппарат жүйесіне, мемлекеттік орган қызметкерлерінің пәрменділігіне байланысты екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымнан басталуды қолдайтынын айтты.
- Мемлекеттік қызметке төменнен қабылдау тиімді деп ойлаймын. Себебі, жұмыстың іс-тетігін төменнен меңгеріп, білім тәжірибеңді шыңдап, биіктеу өз нәтижесін береді. Мұндай таңдау алдыңғы буынның діттеген жеріне оңайлықпен жетпегенін ұқтырады және бұл кейінгі буынның сабақ алуына да қажет ,- деді өз сөзінде Берікбол Байхожаев.