Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Биыл Қызылордада "Балапан" бағдарламасы толықт ай орындалады

Биыл Қызылордада "Балапан" бағдарламасы толықт ай орындалады Бүгін Қызылордада «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін жаңарту: жаңа сапа және жаңа көзқарас» тақырыбында републикалық форум өтті. Оған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев, «ЮНИСЕФ» балалар қорының өкілі және еліміздің түкпір-түкпірінен әдіскер, педагог мамандар қатысты. Қонақтар бүгінгі балабақшалардың жағдайы, олардың бала тәрбиесіндегі рөлі сияқты ауқымды мәселелерді сөз етті. Шараның негізгі мақсаты тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдіру. 
Форумға арнайы келіп қатысқан ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев аймақтың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысына оң бағасын берді. Өйткені қазірдің өзінде Қызылорда облысының бүлдіршендерді балабақшамен қамту көрсеткіші 92,2 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізіліп, «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын уақытынан бұрын аяқтау жоспарланып отыр. 
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы «Балапан» бағдарламасы мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті жүзеге асырудың тиімді жолы екенін айтты. «Мектепке дейінгі мекемелердің оқыту, тәрбиелу әдістеріне де көп көңіл бөліп келеміз. Олардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін де біршама жұмыстар атқарылды. Биылдың өзінде 200 балабақшаға «Мантессори» әдісімен оқытуға қажетті құрал-жабдықтар алып берілді. Яғни, тәрбие мен оқыту жүйесіндегі жаңашылдыққа бетбұрыс қарқын алуда», - деді Р.Кенжеханұлы.
Сондай-ақ, «Шұғыла» балабақшалар желісінің құрылтайшысы Сейітқали Алшынбаев жеке меншік балабақша ашудағы өз тәжірибесімен бөлісті. Осы уақытқа дейін өз қаржысына 360, 320, 180 орындық үш балабақша ашқан кәсіпкер балабақшадағы орын тапшылығы мәселесін шешуге өз үлесін қосып, жас мамандардың жұмыспен қамтылуына және «Балапан» бағдарламасының жүзеге асырылуына ықпал етіп келеді. 
Форум қатысушылары жекеменшік балабақшалар жүйесін жетілдіру арқылы шағын және орта бизнесті дамыту, балабақшаларды салуда архитектуралық шешімдер мен мектепке дейінгі білім беру жүйесі қызметтерін автоматтандыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, олар облыс орталығындағы бірқатар балабақшалардың жұмысын көріп, тәжірибе де алмаспақшы.
 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: