Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Шиелілік кәсіпкер құс жастықтарды тазалауға мән бермек

Шиелілік кәсіпкер құс жастықтарды тазалауға мән бермек Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданының тұрғыны Тамара Ақмағамбетова Өзбекстаннан 2000 жылдары көшіп келеді. Бауырлас елде газ саласында жұмыс жасаған ол елге келгеннен кейін әр түрлі салада қызмет етеді.
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің хабарлауынша,  2012 жылы Тамараның мойын омыртқасы мен басының арасында ісік пайда болып ауырып, салдарынан ол кісі жүре алмай арбаға таңылады. Бірнеше рет ота да жасатады. Отадан кейін 2014 жылдан бері Қызылордадағы оңалту орталығында ем қабылдап жүргенінде «Даму» Қорынан мамандар келіп, кәсіп ашуына болатындығы жөнінде ақпарат береді.
«Қиын күндерде кәсіпкерлік ашу туралы идея маған күш берді», - дейді Тамара Ақмағамбетова. Ал бизнесін бастау туралы нақты шешім қабылдауына «Бизнес кеңесші» жобасы сеп болыпты.  «Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Жанна Аманова оқу барысында кәсіпті ашудың бүге-шігесіне дейін түсіндіріп бергенде тіпті қанаттанып кеттім», - деген Тамара бүгінде Жанна Амановаға, «Дамудың» қызметкерлері Тобжанова Айнұр мен Аширова Ұлпанға ерекше алғысын білдіруде.
Алғашында қолданылған мақтаны қайта өңдеп, көрпеше тіккісі келген кәсіпкер мамандармен кеңесе келе бұл кәсіп түрінің қиынға түсетінін білді.
Қазіргі кәсібі туралы идеяның қалай келгені туралы Тамара: «Үйге кіргенімде жастықтардың иісі шығып кеткенін байқадым. Содан өзім тазаламақшы болып едім, ұнай қоймады. Интернетті ақтарып, тазалау жолдарын іздеп отырып ресейлік аппаратқа көзім түсті. Осылайша құс жастықтарды қайта жаңғырту кәсібін ашуға бел будым. Идеямды қағазға түсіріп комиссияға ұсынғанымда өзіме соншалықты сенімді бола қойған жоқпын. Себебі менімен бірге конкурсқа дендері сау, аяқ-қолдары балғадай азаматтар да түсіп жатты. Бірақ комиссия менің идеямды тың деп тауып, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 1 млн.теңге грантты жеңіп алдым. Сіз жеңдіңіз дегенде қуанғаннан жүгіріп те кеткім келді», - деп бөлісті.
Дертінен бірте-бірте айығып, аяғына тұрып келе жатқан 64 жастағы Тамара Ақмағамбетова қазір Ресейден келетін құрал-жабдықтарды күтуде. Жақын күндері қызылордалықтар жаңа, тың қызмет түрімен танысатын болады.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: