Қала әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлы қала ұстаздары мен білім саласының ардагерлерін кәсіби мерекелері – Ұстаздар күнімен құттықтады.
«Шаңырақ» мейрамханасында ұйымдастырылған салтанатты шарада сөз алған Н. Нәлібаев: «Бұл дүниеде барша адамзат бас иетін құдыретті мамандық – ол ұстаздық. Қай заманда да кез-келген жетістік пен жаңалықтың басында білім мен ғылым тұратындығы баршамызға аян. Ұстаз болу – жүректің батырлығы, келешектің кемел көкжиегі» - деді қала әкімі.
Шара барысында ардагер ұстаздарға да ерекше алғысын жеткізіп, ұлағатты мамандық иелерінің мәртебесінің қашанда биік екендігін тілге тиек етті.
Шараның ерекшелігі қалалық оқушылар сарайының жас өнерпаздары мен қала мектептеріндегі жас ұстаздар әсем әуенмен сүйемелденген вальс биін билесе, оқушылар түрлі аспаптарда ойнап, ұстаздардың құрметіне ән шырқады.
Мерекелік шара соңында білім саласында үздік нәтижеге қол жеткізген ұстаздар қауымы ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасымен және қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Жалпы, білім саласын дамыту жолында қаламызда да көптеген оңды істер атқарылуда. Атап айтқанда, Ипподром мөлтек ауданында және Қорқыт ата көшесінен 900 орындық екі мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қалада 280 орындық жаңа балабақша салуға республикалық бюджеттен 520 млн. теңге бөлінсе, Тасбөгет кентіндегі апаттық деп танылған білім ошағының орнына 300 орындық мектеп құрылысын жүргізуге 666 млн теңге бөлінді.
Бүгінде қала бойынша 140 балабақша жұмыс жасаса, балабақшамен қамту көрсеткіші 88,5 пайызды құрап отыр.
Жыл аяғына дейін «Балапан» бағдарламасымен 4 мың 230 орынды құрайтын, барлығы 49 жекеменшік балабақша ашылады деп күтілуде. Нәтижесінде қаламыздағы 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндеріміз 100 пайыз балабақшамен қамтылатын болады.
Мұнан бөлек «Баларман», «Шаттық», «Қызғалдақ» балабақшаларын күрделі жөндеуден өткізуге, барлығы 216 млн. теңге бөлінді.
Білім саласына бюджеттен бөлінген қаржы көлемі 2014 жылы 12 млрд. 686 млн. теңге болса, биыл 13 млрд. 596 млн. теңгені құрады.
Ағымдағы жылы қаламызда мектепті 1 мың 894 оқушы бітіріп, 1 мың 370 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Солардың ішінен 49 оқушы «Алтын белгі», 22 оқушы «Үздік аттестат» иелері атанса, 16 түлегіміз республикалық пәндік олимпиада және ғылыми жоба жарыстарының жеңімпаздары болып, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспай грант иегері атанды. Нәтижесінде, 2015 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен Қызылорда облысы республика бойынша өткен жылмен салыстырғанда 13 орыннан 5-ші орынға көтерілді.Бұл жетістікке қол жеткізуде қала түлектерінің де үлесі зор.
Балалардың жазғы демалыс кезеңі де өз деңгейінде ұйымдастырылып, демалыс орындарына барлығы 5 мың балаға жолдама берілді.
Мемлекет тарапынан ұрпақ тәрбиесін басты мақсат тұтқан ұстаздар қауымының әлеуметтік жағдайын, біліктілігін арттыру және жан-жақты жағдай жасау мақсатында түрлі шаралар қабылданып келеді.
Сол игілікті істердің бірі 2014 - 2015 жылдар аралығында қаламыздың 33 педагогы мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа пәтер иесі атанды.Соңғы 3 жылдан бері Қызылорда қаласының ұстаздары республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары.
Білім беру сапасын арттыру және мемлекетіміздің ұстанып отырған «үш тұғырлы тіл» саясатын жүзеге асыру мақсатында №2 «Мұрагер» мектебі қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар оқытса, қаламызда 9 білім ошағы «Назарбаев» Зияткерлік мектебінің тәжірибесі негізінде 12 жылдық білім беру жүйесінің пилоттық жобасымен жұмыс жасауда.