ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылорда қаласындағы «ПетроҚазақстан» спорт кешенінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ кезекті қайырымдылық акциясын өткізді.
Бұл жолы компания ардагерлері – зейнеткерлерге, жұмыс барысында жарақат алған еңбеккерлерге, асыраушысынан айрылған мұнайшылар отбастарына азық-түлік жиынтығы тапсырылды. Шамамен 150 адам алған азық-түлік жиынтығы пакетіне 25 кг қант, күріш, ұн, 10 кг макарон өнімдері, 2 кг шай және 5 литр өсімдік майы кіреді.
Спорт кешені фойесінде шараға қатысушыларға арнап мерекелік дастархан жайылды. Компания ардагерлері дастархан басында бір-бірімен қауқылдасып, өткен-кеткенді еске түсіріп, өз жаңалықтарымен бөлісті. Бір ұжымда тізе қоса 20 жылдан астам уақыт жұмыс істегендіктен, олардың ортаға салып айтарлары көп болды.
«ПҚҚР» АҚ ардагер-зейнеткерлер кеңесінің төрағасы Барлыбай Биманов сөз алып, жиналғандарға компания белең алып дағдарыс уақытында да өзінің игі дәстүрінен жаңылмайтынын баса айтты.
- Компания өз ардагерлеріне жылына екі рет азық-түлік жиынтығымен қолдау көрсетеді, - деп атап өтті төраға. – Қазіргідей азық-түлік қымбаттап жатқан уақытта бұндай сыйлық - өте орынды. Мұнан басқа бізге Қарттар күнінде ақшалай сыйлық та береді. Бізге, зейнеткерлерге, мұндай ықылас-ілтипат айрықша қымбат. Құрметті демалысқа басқа мекемелер мен ұйымдардан шыққан замандастарымыздың бізге қызыға қарайтындары да бар. Біз барлығымыз компания басшылығына ақсақалдарға көрсететін қамқорлығы үшін шын жүректен алғыс айтамыз.
- Әлемдік нарықта мұнай бағасының қатты түсіп кеткеніне қарамастан біздің компания өз игі дәстүрлеріне адалдық танытып келеді, - оның дәлелі – компания облыстың әлеуметтік-экономикалық саласының дамуына атсалысуын, сонымен қатар түрлі қайырымдылық және демеушілік акцияларға қатысуын жалғастыруда, - деді өз сөзінде «ПҚҚР» АҚ Басқарма төрағасының еңбек ресурстары және әкімшілік жөнінде орынбасары Суфия Даминова. – Сондай-ақ, біз осы компанияның өсіп-өркендеуіне тер төккен аға ұрпақ өкілдерін ұмытпаймыз. Компания бұл ардагерлерге қашанда ілтипатпен және қамқорлықпен қарайды. Бұл күндері «ПетроҚазақстан»-ның өңірдегі жетекші мұнай компаниясына айналуына сүбелі үлес қосқан ардагерлерімізді құрмет тұтамыз. Барлығыңызды ҚР Тәуелсіздік күнімен және алда келе жатқан Жаңа Жылмен құттықтаймын! Сіздерге және отбастарыңызға денсаулық, береке, бірлік, жан жылуын және игіліктер тілеймін!
Ардагерлер тарапынан Ибрагим Жұмағұлов және Айкүміс Рәмбердиева сөз сөйлеп, компания басшылығына өздеріне көңіл аударып, жасап келе жатқан қамқорлықтары үшін алғыс айтты.
- Мен осы компанияда 27 жыл еңбек еттім, - дейді Ибрагим Жұмағұлов. –Біз мұнай кеніштерін игеру жұмыстарын алғаш бастаған кезеңде қиыншылық көп болатын. Қазір, әрине жұмыс жағдайы әлдеқайда жақсартылған. Барлық ардагерлердің атынан компания басшылығына мынандай дағдарыс кезінде бізді ұмыт қалдырмай, назар аударып жатқандарына алғыс айтамын.
Айкүміс Рәмбердиева компанияда экономиста-талдаушы қызметінде 24 жыл еңбек етті. Құрметті демалысқа 2012 жылы шықты.
- «ПҚҚР» АҚ – аймақтағы қай жағынан алғанда да үздік компания, - дейді ардагер. – Мұнда әрі жұмыс істеуге, әрі демалуға тамаша жағдайлар жасалған, айтуға тұрарлықтай әлеуметтік пакет қамтылған. Және де адам бойындағы айрықша құнды және қазіргі уақытта сирек көрініс беретін қасиет – қамқорлық десек, компанияны құрудың басы-қасында болып, оның әрмен қарай өсуіне, табысқа кенелуіне өз еңбегімен үлес қосқан жандарға лайықты ізет, жылы пейіл компания тарапынан үнемі көрсетіліп келеді. Осындай қамқорлығы мен ықыластары үшін компания басшылығына ризашылық білдіремін.
«ПҚҚР» АҚ жұртшылық пен байланыс жүргізу бөлімі