«ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ 16 КҮН» АКЦИЯСЫ ӨТКІЗІЛДІ
Ағымдағы жылдың 25 қараша-10 желтоқсан аралығында республика көлемінде «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты кең ауқымды акциясы өткізілді.
Акцияның негізгі мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың түрлері туралы кеңінен ақпараттандыру, отбасында орын алатын зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жүзеге асыру.
Қызылорда ОІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Әмірбек Бердібекұлы Шаймағамбетовтің айтуынша,
ішкі істер органдарына шағымданып келген әрбір жәбір көруші қыз-келіншектердің, аналардың арыздары назардан тыс қалған емес. Олар бойынша тиісті тексеру-анықтау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде заңды шешімдер қабылдануда. Мәселен, үстіміздегі жылдың 10 айында Қызылорда облысында әйелдерге қарсы 3883 сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай іс-әрекеті тіркелсе, оның ішінде 982-не қатысты қылмыстық іс қозғалған. Оның 309-ы Қызылорда қаласында тіркелсе, 673-і аудандарда орын алған. Оның 0,8 пайызы дене жарақатын салу, 3,1 пайызы зорлау, 3,4 пайызы отбасы-тұрмыстық жағдайда орын алған. Қылмыстардың 39,7 пайызы жәбірленушілердің тұрғылықты мекен-жайларында болған ұрыс-керіс кезінде орын алса, басым көпшілігі алкогольдік масаң жағдайда, яғни спирттік ішімдіктерін қабылдау салдарынан туындаған.