ҚЫЗЫЛОРДА ИНВЕСТОРЛАР ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН ТУҒЫЗЫП КЕЛЕДІ
Қызылордада «Baikonur Invest» VI Инвестициялық форумы басталды. Бұл жолғы форумға 300-ден астам әлемнің 12 елінен бизнес қауымдастықтары мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Қазіргі таңда Сырдария өзеннің екі жағын байланыстыратын алты жолақты алып көпірдің құрылысы қарқынды жүруде. Еліміздің бас қаласы Астана секілді болашақта Сырдың сол жағалауында зәулім ғимараттар бой көтеріп, сәулеті келіскен заманауи шаһарға айналмақ. Бұл керемет жоба әсіресе, шетелдік инвесторлардың ерекше қызығушылын туғызуда. Айта кету керек, сол жағалаудағы қала тек инвесторлар есебінен бас жоспарға сәйкес салынады. Ал инфарқұрылымы мемлекеттің қаржысы есебінен жүргізіледі. Мұның өзі бизнес өкілдері үшін өте қолайлы әрі тиімді болатыны сөзсіз.
Фоурмға келген қонақтар алдымен «Қызылорда смарт сити» көрмесін тамашалап, жаңа инвестициялық мүмкіндіктермен танысып шықты. Жалпы аумағы 1532 гектар болатын жаңа қалада 3 млн. шаршы метрді құрайтын тұрғын үй кешені орналасады. Оның 1 млн. шаршы метрі 2025 жылға дейін салынып бітеді. Бұл 2025 жылға дейін 50 мыңнан астам адамды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 190 гектар кеңселер мен сауда орталықтарына 270 гектар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына бөлінеді. Жоба аясында 16 мектеп, 12 балабақша және 4 денсаулық сақтау мекемесі, спорт ғимараттары, әлеуметтік-мәдени нысандар салу көзделген.
Қызылорда облысына инвестиция тартудың тиімді жолдарының бірі жылына екі рет өткізілетін «Байқоңыр» инвестициялық форумы екені белгілі. Бүгінгі күнге дейін ұйымдастырылған 5 инвестициялық форум аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына 100 млрд. теңге көлемінде қаржы тартуға мүмкіндік берді. Барлығы 63 меморандумға қол қойылып, келісім жасалды. Оның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкімен Қызылорда қаласының инфрақұрылым желілерін жаңғыртуға қатысты 10 келісімге қол қойылды.
– Әлемдік қаржы қиыншылығына қарамастан бүгінгі форумға әлемнің 12 мемлекетінен инвесторлар келіп отыр. Бұл өңірдің қаржы ұйымдарының сенімінен шығып отырғандығын аңғартады. Қазірдің жалпы құны 320 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайтын 18 жобаны жүзеге асырудамыз, - деді Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев.
Форум аясында қол жеткізген үлкен жетістік - облыс орталығында шыны зауытын салуға мүмкіндік туды. «Шалқия» тау-кен металлургиялық кешенін қайта жаңғырту үшін де инвесторлар тартылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұнан бөлек 300 қызылордалық түлек Ресейдің маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алуға қол жеткізді.
Форум аясында секциялық отырыстар ұйымдастырылуда. Бірінші секцияда Қызылорда қаласы сол жағалауының дамуы – жаңа инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Екіншісінде, облыста агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша аграрлық салада жемісті еңбек етіп жүрген шетелдік және отандық білікті мамандар ой-пікірлерін ортаға салатын болады. Үшінші секцияда, мемлекеттік-жеке серіктестіктің жаһандану жағдайындағы даму перспиктивалары қаралса, төртінші-бесінші секцияда айти-индустрияның жаңа үрдістері мен шағын және орта бизнестің ерекше экономикалық жағдайдағы рөлі, микробизнесті дамыту тақырыптарында өрбиді.
Жалпы форум барысында ауыл шаруашылық, құрылыс, көлік және логистика секілді салаларда 7 меморандумға қол қойылады.
Ал ертең қонақтар Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешені мен «Байқоңыр» ғарыш айлағына аттанып, «СОЮЗ-ТМА19М» зымыранының ұшырылу сәтіне куә болады.