ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ШАРУАЛАРЫ 126 МЛН. ТЕҢГЕ СУБСИДИЯ АЛДЫ
Бүгінде Қызылорда қаласы бойынша 260 жеке шаруа қожалығы тіркелген. Оларға мемлекет тарапынан қолдау ретінде былтыр асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, өнімдердің өнімділігі мен сапасын арттыру мақсатында барлығы 126 млн. теңгеге жуық субсидия берілген.
БАҚ өкілдері «Абай», «Ақ барыс», «Мұхтар», «Қылыш» шаруа қожалықтарының тіршілігімен танысты. Мемлекет қомқорлығын сезініп, өз кәсібін дөңгелетіп отырған осындай жандардың бірі – Мұрат Нұрсейітов. Ол – «Абай» шаруа қожалығының төрағасы. Алғаш рет өз жұмысын 2002 жылы бастаған бұл қожалық бүгінде ауқымды шаруашылық нысанына айналған. Екі жыл бұрын «Сыбаға» бағдарламасымен 2 асыл тұқымды ет бағытындағы бұқа алып, иелігіндегі малдарына асылдандыру жұмыстарын жүргізіп отыр. Жер көлемі 114 гектарды құрайтын қожалық барлық жағдаймен қамтамасыз етілген. Алма, жүзім өсіру мен мал сою алаңдары, жұмысшылардың жайлы жатақханасы да бар. Тіптен нысан аумағынан жасанды көл қазылып, қолдан балықтар жіберіліпті. Қожалық төрағасы алдағы уақытта балық шаруашылығын да қолға алатынын айтты. Сондай-ақ, үлкен жобаның жоспарымен бөлісіп, болашақта осы көл жағасын тынығу орнына айналдыратынын жеткізді. Ал, мұндағы ірі мүйізді қара мен жылқылардан алынған ет-сүт өңірді табиғи таза өнімдермен қамтамасыз етіп отыр.
Осындай тасы өрге домалап, қанатын кеңге жайып келе жатқан ірі мал шаруашылығының бірі – Досан елді мекенінде орналасқан «Қылыш» жеке қожалығы. Олар 2013 жылдан бері облыс көлеміндегі балабақшалар, мектептер, ауруханалар мен өзге де бюджеттік мекемелерді ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етуде. «Қылыш» шаруа қожалығының негізгі кәсібі де осы ірі-қара малды бордақылап, өсіру, халыққа сапалы ет өткізумен айналысу. Қазіргі таңда өзге ұсақ малдардан басқа қожалық меншігінде 244 бас мүйізді ірі қара мал бар.