Шиелі халқы үшін өткен жылғы игілікті істердің бірі көптен бері арман болған газ орнату жұмыстарының жүргізіле бастауы.
2015 жылдың қазан айында ұлттық оператор "ҚазТрансГаз” АҚ "Қызылорда облысының 5 елді мекенін газдандыру” инвестициялық жобасы аясында "Шиелі” автоматтандырылған газ тарату стансасы іске қосылған болатын.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шиелі ауданындағы маманы Әйгерім Алмасованың айтуынша, бүгінгі таңда газ орнату үшін 985 адам өтініш берген көрінеді. Соның ішінде 360 үйге монтаждау жұмыстары жүргізіліп, 185 үйге газ кіргізіліпті. Кент ішіндегі тұрғын үйлердің түгел газ дандырылмағаны белгілі. Осы орайда, газ жүргізумен айналысатын мекемелердің бірі «Зенит-ТВК» ЖШС шебері Хасен Тілешовті сөзге тартқан едік.
– Газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Кенторталығындағы А.Ясауи, Ю.Гагарин, Ғ.Мұратбаев көшелеріне газ берілді. Енді 9 қабатты үйдің маңындағы тұрғын үйлерді газдандыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын таба береді, – деді Х.Тілешов. Қазірдің өзінде Шиелі кентінің теріскей бетіндегі тұрғындардың бірқатары көгілдір отынның игілігін көріп отыр.