Қармақшы ауданында ел дамуының ерен үлгісін көрсететін шағын және орта бизнес саласы өркендеп келеді. Соның бір куәсіндей 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аудан орталығынан "Раушан" атты сауда үйі ашылды.
Сауда үйінің салтанатты ашылуына аудан әкімі С.Мақашов, аудандық мәслихат хатшысы, аудан ардагерлері, кент тұрғындары, және кәсіпкерлер қатысты.
– Мұндай бірегей сауда орталығының ашылуы Жосалы кентінің жылдан жылға экономикасының кеңге қанат жайып, өркендеп, халқымыздың әл ауқатының жақсарып келе жатқанының белгісі, – деп Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы» Ғасыр кәсіпкері атанған Шынар Махмұтова және ауданық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдаулетовпен бірге кермесін қиды. Салт-дәстүрімізге сай шашу шашылып, ел ақсақалдары игі бастамаға ақ жол тіледі.
Сержанова Әсем кәсіп жолын 1995 жылы еліміздің нарықтық экономикаға көшкен уақыт кезендерінде «Салтанат» ЖШС-ін құрып, ауданның кәсіпкерлігін дамытуға өз үлесін қоса бастаған.
Жалпы құны 22,0 млн.теңге құрайтын «Раушан» сауда үйі 2 қабаттан тұрады. 2015 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша ІІ деңгейлі «Банк Центр Кредит» тарапынан 10 млн. несие теңге алынған. Аталған ғимарат 270 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде азық-түлік пен кондитерлік өнімдерін сату, гүлдер сату бөлігі, және сән салоны бөлімдері орналасқан.