Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев басқарманың 2016 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылады.
Баспасөз конференциясында басқарма басшысы 2016 жылы өңірімізде 550 орындық 4 балабақшаның құрылысы басталып, Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданындағы 370 орындық 2 балабақша пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2430 орындық 18 мектептің құрылысы (15 апаттық) жүргізіліп, 800 орындық 4 мектеп (3 апаттық, 1 оқушы орны тапшылығына) ел игілігіне берілді, - деп мәлімдеді.
- Елбасының бастамасы бойынша 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Жолдауда тегін оқыту мен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтып отырған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдардың қамтылуы тиіс екендігін және экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек екендігін айтты.
Өткен жылы облыстың білім саласында атқарылған жұмыстар мен 2017 жылға басты міндеттерге тоқталар болсақ, 2016 жылы білім беру саласына 75 млрд. теңге бөлініп, қаржыландыру көлемі облыс бюджетінің 38 пайызын құрады. Бұл алдыңғы жылғы білім саласын қаржыландыру көлемінен 10 млрд.қа артық.
Облыста 141 943 баланы қамтитын 293 жалпы білім беретін мектеп жұмыс жасайды. Өткен жылмен салыстырғанда оқушылар саны 4752 балаға артқан. Сәйкесінше, педагогикалық кадрлар саны да артып – 20 409 (2016 жылы – 19828) жетті. Жоғарғы және бірінші санатты мұғалімдер саны 9096-ға жетіп, 44,6 % құрады, 5842 педагог кәсіби біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Алдағы уақытта біз мектеп мұғалімдерінің кәсіби деңгейінің сапасын арттыруға баса мән беретін боламыз, - деді.
Сонымен бірге, өткен жылы Үздік педагог-2016» республикалық байқауынан облыстың 3 педагогі жеңімпаз атанып, әрқайсысы 2 млн. теңге жүлдеге ие болса, «Орта білім беретін үздік ұйым- 2016» байқауында №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты жүлдегер атанып, 17 млн. теңге көлеміндегі грантқа ие болды.
2016 оқу жылында 6564 мектеп бітіруші түлектің 4478-і ҰБТ-ға қатысты. 2015 жылы облыс мектеп бітірушілері ҰБТ қорытындысында 81,7 балмен Республикада 13 орыннан 5-орынға көтерілсе, 2016 жылғы түлектер орташа 82,7 балмен өз білім деңгейлерін тағы да дәлелдеді.143 түлек (2015 жылы 139 түлек) «Алтын белгі» белгісіне ие болды.