АРАЛДА «БҮКІЛҚАЗАҚСТАНДЫҚ АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ КҮНІ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Еліміздің барлық аймақтарында «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы өткізілуде. Аталмыш игі шараға сенбілікке жиылған Арал ауданының тұрғындары да біркісідей атсалысып қатысты.
Аудан әкімінің өкімімен көктемгі көркейту көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары 10 наурыздан басталған болатын. Содан бері аудан көлемінде 6 рет өткізілген сенбілік жұмыстары өз нәтижесін беріп, Аралдың көрікті келбеті қалыптасты. Күл-қоқыстардан тазартылып, әктеу, сырлау жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі ағаш отырғызу акциясына мемлекеттік қызметкерлерден бастап әлеуметтік сала, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері, кәсіпкерлер, жастар мен ардагерлер жалпы аудан тұрғындары белсенді қатысып 3000 түп ағаш отырғызды. Бұл жұмыстар акциядан тыс күндері де жалғасатын болады.