Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

"Биыл қыс ерте түседі", – дейді жұлдызшы Нұрғабыл Қозыбай

"Биыл қыс ерте түседі", – дейді жұлдызшы Нұрғабыл Қозыбай

 

Қазан айының соңына қарай Оң­түстікте қар жауып, жұртқа қыр ас­тында­ қыстың келе жатқанын бір ескерткендей болды. Биыл қыс ерте түседі екен деп жүргендер де аз емес. Ал бұл жөнінде ауа райын болжаушылар не дейді? Осы орайда біз шымкенттік жұлдызшы Нұрғабыл Қозыбайға хабарласып, ол кісіден алдағы күндерге жасаған болжамдарымен бөлісуді сұрадық.­
– Нұреке, жұртшылық арасында биыл қыс ерте түседі екен деген­ сөз көбейді. Осыған байланысты сіздің болжамдарыңыз қандай?
– Көпшіліктің айтып жүргені негізсіз емес дер едім. Биыл расында да қыс ерте түседі. Жалпы, шындығын айтқанда, мен кейінгі кездері ауа райын болжаумен түбегейлі айналысып жүрген жоқпын. Бүгінде «Казземкадастр» ЖШС-інде директор қыз­метіндемін, жұмыстан қол тие бермейді. Дегенмен ұзақ жылдар бойғы болжамдарыма, соңғы кездердегі табиғаттағы, даладағы жайларға қарап, ауа райы құбылыстарына сүйене келе мен де осындай тұжырымға келіп отырмын. Яғни биыл қыс ерте түседі, бұған қатысты біршама болжамдарым жоқ емес.
– Қысқасы, «Кәрі құда» ұзағырақ әбіржітеді десеңізші?
– Менің байқауымша, қараша айы біршама суықтау болғанымен­ наурыздың алғашқы күндерінен бастап күн жылып кетуі керек. Осыны назарға алсақ, қысты тым ұзаққа созылады дей алмаймыз. Құдай қаласа, алдағы көктем жылдағыдан ерте шығады. Қыркүйектің біршама жылы­ болғаны белгілі, ал табиғат заңы бойын­ша мұндай құбылыс араға алты ай салып қайталануы тиіс. Демек, наурызда күн жылып кетеді.
– Қараша айы біршама суықтау болады дедіңіз, осыны таратыңқырап айтсаңыз...
– Негізі мен қазан айының 24-26-ларына жаңбыр жауып, арты қарға ұласуы мүмкін деп шамалаған едім, қателеспеппін, 26-қазанда біз алғашқы қарды көрдік. Бұл қыс басталды деген сөз. Жалпы, аталған мезгіл аралығында өлара болды, жаңа ай туды. Осы кезде ауа райында қандай да бір құбылыс орын алатыны белгілі.
Қарашаға келсек, менің болжауымша, бұл айда жаңбыр көбірек жауады. Айдың басында күн ашық болғанымен 3 – 7-ші қараша аралығында жаңбыр жауып, бірқатар аумақтарда оның арты қарға ұласуы мүмкін. 8 – 10-шы қарашада күн ашық, ауа райы біршама жылиды. Жалпы, екінші онкүндікте айтарлықтай суық болмайды деп шамалаймын.
Ал 20-қарашадан бастап күн қайтадан суытып, 25-қарашада жаңбыр жауып, арты қарға ұласуы ықтимал. Бірақ бұл кездегі қар алдындағылардай тез еріп кетпейді, біраз жатады.
– Қыстың негізгі үш айында қатты суықтар бола ма?
– Салыстырмалы түрде алғанда, қыс аса суық болмайды. Орташа. Желтоқсан бірқалыпты өтеді. Қатты суықтар қаңтардың аяғына қарай болуы мүмкін, ол әрі кетсе бір аптаны қамтиды. Менің болжамымша, ақпан айында да айтарлықтай суық күндер жоқ. Ал наурыздың алғаш­қы күндерінен бастап күн жылып, көктем өз уақытынан кешікпей келеді.
– Ауа райының қандай болмағы шаруа адамын көбірек алаңдататыны белгілі. Оларға қандай кеңестер берер едіңіз?
– Мал ұстайтындар жем-шөбін үнемдесін, өйткені қыс ерте түседі. Ал егін шаруашылығымен айналысатындар күздік егінге 10 – 20-қараша аралығын пайдаланып қалуы керек. Болмаса, егіндерін 1-наурыздан бастап егіп алсын.
– Болжамдарыңызбен бөліскеніңізге рахмет, айтқандарыңыз айнымай келсін деп тілейміз.

Сұхбаттасқан – Т. ТҰРАН.

Ақпарат көзі: "Замана" газеті

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: