Жаңақорған ауданына қарасты Талап бекетінде 100 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл білім ұясы апаттық мектептің орнына салынған.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білім саласына әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді. Елбасының тапсырмаларына сәйкес соңғы төрт жылда облыстық білім беру саласының бюджеті 34 миллиард теңгеге, яғни, екі есеге артты. Бүгінде жалпы облыс бюджетінің 62 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Қызылорда облысының әлеуметтік шығындардың жан басына шаққандағы үлесі республикада соңғы үш жыл бойы бірінші орында тұр.
- Биылғы жылы білім беру саласына облыс бюджетінің 38 пайызы, нақты айтсақ 75 миллиард теңге бөлінді. Аймақтағы білім беру саласындағы ең маңызды мәселе – апатты мектептердің мәселесін шешу. 2013 жылы облыста 36 апатты мектеп болса, 2 жылда соның 23-ін жаңадан салынды. Тағы екі білім ұясының құрылысы 2016 жылы аяқталады, - деді облыс әкімі.
Ақпарат үшін: Соңғы 4 жылда Қызылорда облысының білім саласына бөлінетін қаржы 2 есеге артты. 2013-2015 жылдары облыс бойынша 43 білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Елбасының Үкіметке, облыс әкімдеріне нақты тапсырмасы бар. Біріншісі, үш ауысымда оқытатын мектептер болмауы керек. Екіншісі, апаттық жағдайдағы мектептер проблемасын шешу, үшіншісі 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді 2020 жылға дейін балабақшамен қамту. Қазір Қызылорда облысында үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Ал 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін аймақ белгіленген мерзімінен бұрын орындап қойды. Енді құрылыс қажет ететін 11 мектептің құрылысы биыл басталатын болады. 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі де толық шешімін табады. Сонымен қатар, жыл сайын әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан шыққан балалар үшін облыс әкімінің 350 білім гранты тағайындалып келеді. Қызылорда облысы республика бойынша Ресей Үкіметінің 150 білім грантын иелеген жалғыз аймақ. Осы гранттар арқылы қазір сырбойылық талапты жастар Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарында білім алуда.
Мұнан бөлек, аймақ басшысы Шиелі ауданында болып, күрделі жөндеуден өткен Алғабас ауылдық мәдениет үйінің жұмысымен танысты. 30 тамыз Конституция күніне арналған шараға қатысып, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады.
Сонымен қатар, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меншігіндегі «Шапағат» ғимаратына жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Аталмыш нысанда кітапхана, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі орналасатын болады.