Қармақшы ауданы Ақай ауылында тұратын кәсіпкер Айгүл Медетова он саусағынан өнер тамған ісмер. Табиғат сый еткен шеберлікті кәсібіне айналдырып, отбасының нәпақасын тауып отыр. Осыдан екі жыл бұрын хоббиін кґсіпке айналдыра бастағанда дәл мұндай өркен жайған шеберхана боларын ешкім ойлаған жоқ.
Әйел заты әдемілікті сүйеді. Қазақ «қыздың жиған жүгіндей» деп осы әсемдік пен үйлесімділікті мысалға алған шығар?! Қолына ине мен жіпті ұстап, іс тігетін әйелдер көп-ақ. Бірақ елден ерек бұйым дайындап, тұтынушымен жұмыс істеуге көбі бара бермейді. Ал Айгүлдің ісі – бұл тұрғыдан алғанда жаңа бастама көтеруден қорықпағандық.
– Тігін цехы 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, содан несібе терген жанның бірі – мен. «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы екі бірдей қайтарымсыз қаржыны иелендім. Ал бұл өнер маған анамнан және әжемнен дарыған. Олар бұл өнерде алғы шепте жүретін. Киіз басудан алдына жан салмайтын. Енді мен олардың ізбасарымын, – дейді төл өнерді қолданысқа енгізіп жүрген кәсіпкер.
Шебердің қайсыбір туындысын алып қарасаңыз да нәзіктік пен сұлулықтың үйлесім тапқанын аңғаруға болады. Көрпе, көрпеше, жастық тәрізді еңбектерінде ерекше ою-өрнектер кездеседі. Әрі оюдың көрген көздің жауын алатындай әсем орналастырылғаны келушіні тарта түседі.