Үстіміздегі жылы 25 жылдығын кең ауқымда атап өткелі отырған Тәуелсіздік мееркесіне орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің бас қаласы –Астанада "Қуатты өңір - Қуатты Қазақстан" тақырыбымен барлық облыстардың күндерін өткізу шарасы белгіленді.
Бұл шара қыркүйек пен қараша айларында өтеді. Арқа төріндегі ару шаһардағы өңірлер күндерін кешегі сенбі-жексенбіде Қызылорда облысы бастап берді.Астанаға қызылордалық делегацияны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастап барды.
3-4 қыркүйек күндері Астанадағы Оқушылар сарай жанында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Өңірлер күндерінің беташарын бастаған Қызылорда облысының мәдени күндері шеңберіндегі жәрмеңке облыстық филармония өнерпаздарының әуезді ән, күмбірлеген күйімен өрілді. Осы молшылық мерекесіне елордалық тұрғындар мен бірге аймақ басшысы Қ.Көшербаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов және ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары бастаған топ та келіп, жәрмеңкені аралап көрді.
Облыс диқандары мен кәсіпкерлері елорда тұрғындарына барлығы 400 тонна болатын құны 70 млн теңгенің ауылшаруашылығы өнімдерін әкеліп, нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағамен ұсынды. Бұған әрине, бас қала тұрғындары дән риза. Осынау айтулы оқиға даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жахаевтың 125 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Басқарма басшысы Риант Сұлтангереевтің айтуынша, көрме астаналық әріптестермен іскерлік қарым қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылып отыр.Озық өнімдер көрмесімен танысқан Астана қаласының әкімі Ә.Исекешов өз ризашылығын білдіріп жатты.
Осы жерде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап брифинг берді. Сыр өңірі еңбеккерлерінің ел Тәуелсіздігінің мерейлі жылына елеулі жетісіктермен жеткенін айрықша атап өткен аймақ басшысы ойын былайша өрнектеді.
Биыл Қызылорда облысы ауылшаруашылығы саласы бойынша жоғары өнімге қол жеткізіп отыр. Әсіресе, ала жаздай егіс алқабында тер төккен күрішшілердің несібесі жоғары болғалы тұр. Ал енді құрылыс саласына келсек, өткен жылы облыста тұрғын үй құрылысы 3,5 есеге, Қызылорда қаласында 8 есеге өсті. Облыс орталыңы Елордамыз Астана қаласына қарап бой түзеп келеді.
2015 жылы пәтерге кезекке тұрған халықтың 17 пайызы баспаналы болды. Биыл кезектегі тұрғындардың тағы 24 пайызы пәтер кілтін алады. Осылайша, соңғы 2 жылда баспана кезегін күткендердің 41 пайызы пәтерлі болады. Осының бәрі Елбасының сарабдал саясатының Сыр өңірінде іске асуының дәлелі.
Түс ауа облыс әкімінің орынбасары Руслан Рустемов пен облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев Астанадағы балалар ауылында өткен қайырымдылық шарасына қатысты.