Қызылорда қаласының Тасбөгет кентінде «Нұр Отан» партиясы облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов «Қызылордасушар» өндірістік учаскесінің ғимаратында көшпелі қабылдау өткізіп, №23 «Тасбөгет» сайлау округі тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Көшпелі қабылдауға 10 ға жуық азаматтар келіп, өз өтініштерін білдірді. Халық қалаулысының қабылдауына алғаш болып келген Тасбөгет кентінің тұрғыны Гүлнар Ахатова. Ол мәслихат депутатына әлеуметтік жағдайының төмендігін айта келіп, кент орталығынан салып жатқан үй құрылысына қажетті құрылыс материалдарынан көмек беруді сұрады.
Гүлнардың өтінішіне сай депутат өз қаржысынан үй төбесін жабуға қажетті, қамыс, сабан, секілді құрылыс материалдарын алып жеткізіп берді.
Қабылдауға сондай-ақ қала тұрғыны Зухра Ахметова келді. Зухраның айтуынша, отбасында бір ғана баласы жұмыс жасайды. «Оның тапқан қаржысы қалған балаларының мектепке қажетті киім-кешектері мен құрал-жабдықтарынан да артылмайды. Сондықтан азық-түлік алуға қаржылай көмек көрсетсеңіз», - деді.
Зухраның мәселесімен толық танысқан облыстық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов «Бүгінде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына барлық қолдау болатынын жеткізіп, «Мектепке жол» акциясы аясында балаларына мектеп құралдарын, ал отбасына азық-түлік жеткізіп беретінін айтты.
Кент тұрғыны Жанат Бахаева есімді азаматша өзінің жұмыссыз екенін айтып, жұмысқа орнастыруға көмек сұрады. Онан соң баласының оқуына қаржы сұрады. Маслихат депутаты Жанаттың да өтінішін жерде қалдырмай тиісті мекеме басшыларына хабарласып, жұмысқа орналастыруға көмектесетінін жеткізді. Сондай-ақ мектепте оқитын оқушы баласына мектепке қажетті киіммен көмек берді.
Халық қалаулысының қабылдауына Қызылорда қаласы, Елеусінов көшесінің тұрғыны Серік Жакубеков есімді азамат та келді. Ол өзінің Сырдария ауданына қарасты аумақтағы саяжайында өсірген картоп, сәбіз, қияр секілді көкөністерін сол маңайдағы Н.Ілиясов ауылының базарында сатуға рұқсат қағаз алып беруге көмек сұрады. Азаматтың сауалына қатысты Жорабек Нұрымбетов кәсіпкерлікті дамытуға байлынысты өз ұсыныстарын айтып, негізгі мәселені шешуді Сырдария аудандық партия филиалы арқылы шешімін табуға көмек көрсетуге ықпал жасайтынын жеткізді.
Сондай-ақ, халық қалаулысы қабылдауға келген Тасбөгет кентінің тұрғындары Алма Мубаракова, Маханбетшахар Көшеров есімді азаматтардың өтініштерін толық тыңдап, заң талаптарына сай зерттеп-зерделеп болған соң қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жалпы айта кету керек, жыл басынан бүгінгі күнге дейін Қызылорда облыстық партия филиалында облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен 20 жуық көшпелі қабылдаулар өткен. Болған қабылдауларда 89 өтініштер түсіп, 30-дан астамы дер кезінде оң шешімін тапқан.