Қызылорда облысында ауыл арасына қатынайтын автобустар тоқтады (ВИДЕО)
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жанар жағармайдың қымбаттығынан ауыл арасына қатынайтын автобустар өз жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды 31.kz телеарнасы.
Бұл жаңалық бәрінен де қарапайым халыққа ауыр соғып отыр. Мүмкіндігі барлар ғана такси жалдап, діттеген жеріне жетеді. Ал қалған жолаушылар үйлерінен шыға алмай әлек.
Әдетте жолаушысы көп Жаңақорған ауданыдағы автобекет бүгінде қаңырап бос қалған. Өйткені ауыл ішіне де, арасына да қатынайтын шағын автобустар бір мезетте жұмысын тоқтатты. Тек ірі қалаларға баратындары болмаса. Қалғандарының жұмысының доғаруына жанар-жағармай бағасының шарықтауы себеп. Жолақы құны шығынымызды өтемейді, -дейді көлік жүргізушілері. Сондықтан тұрғындар құны екі есе қымбат такси қызметіне жүгінуге мәжбүр.
Соның кесірінен бұрын жолаушылар тасымалымен айналысқан мекеме қызметкерлері де жұмыссыз қалған. Екі қолға бір күрек таппаған жиырмаға жуық жүргізуші далада қалған. Бензиннің қымбаттығы олардың негізгі кәсібіне нүкте қойған.
АХАН БЕГІМБЕТОВ, жүргізуші:
Біз барған жерде өзіміздің құйған бензинімізді ақтай алмадық уақытысында. Мінбейді газельге.
Жолаушылар тасымалы серіктестігінің басшылығы мұндай шешім қабылдау оңайға соққан жоқ дейді. Осы жағдайға байланысты билік өкілдеріне де жүгінген екен. Шенеуніктер болса, келер жылы жағдай шешілуі мүмкін дегенді айтады.
ЕСДӘУЛЕТ СЕЙІЛОВ, Жаңақорған ауылының әкімі:
Бюджеттен 6 миллион 200 мыңдай қаржы сұрап, бюджетный заявка тапысырып отырмыз. Осы ақтамайтын маршруттарды субсидиялау жөнінде.
Жаңақорғандықтар жергілікті бюджет мәселені оң шешпесе, есек арбамен қатынап, өткен ғасырға қайта оралатын шығармыз деп алаңдайды. Мұнайлы өлкеде тұрып, жанармайға жарымағанымыз қалай деп ашынады олар. Ал әзірге ауыл тұрғындары бірнеше шақырымды жаяу еңсеруге мәжбүр.