Бүгін аймақ журналистері Сырдария ауданындағы «Жалын» тынығу лагерінің жазғы маусымға дайындығымен танысып қайтты.
«Жалын» тынығу лагері жазғы маусымда балаларды қабылдауға толықтай дайын. Биыл лагерьде 7 ауысымда 910 бала демалады деп жоспарлануда. Бұл жылдың ерекшелігі түрлі салаға бейімі бар оқушылар 1 ауысымда демалатын болады.
Типтік негіздегі лагерьде 12 ғимарат бар, оның 8-і демалыс орны, 2-і қызметтік, 1-і дәрігерлік пункт және 130 орындық асхана.
М. Момбаева, «Жалын» лагерінің директоры:
- Тәрбие жұмыстарын тұрақты 6 штат, аудандағы мектептер есебінен бөлінген 8 тәрбиеші және "Ұлағат Ұландары" жастар бірлестігінен 3 адам жүргізеді. Балаларға арнайы дәрігерлік бекет жұмыс жасайды, онда тіс емдеу кабинеті және алғашқы дәрігерлік көмек жасайтын бөлмелер бар.
Лагерьдің ойын, спорт алаңдарындағы спорттық құрал-жабдықтар санитарлық талапқа сай толығымен жаңартылған. Осы жылы лагерьдің ауыз су және кәріз жүйелеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Биыл лагерьде ата-аналардың, демеушілердің және шаруашылықтардың есебінен барлығы 3000 оқушы демалатын болады.