Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ауыр қылмыс жасаған әйелге қатысты айыптау үкімін шығарды.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі Қаракөз Сарсенбаеваның айтуынша, сотталушы С. алдын ала тергеу кезінде айыбын толық мойындайды. Қылмыс орын алар күні, сотталушы С. азаматтық некедегі күйеуі Т.-ның олардың ортақ танысымен бірге арақ ішіп отырғанын көрген. Өзіне арақ ішуге ұсынған соң, ол да бірнеше рюмка ішеді. Содан кейін таныстары өз шаруасымен кетіп қалған соң, күйеуі екеуінің арасында жанжал туындап, сотталушыны ұрып, шашынан сүйреп, балконға апарып «секір» дейді. Сол кезде сотталушы одан қашып кетіп, үй ішіне кіріп кеткен. Одан кейін, ол пышақпен нан турап тұрған кезде, күйеуі артынан келіп сүлгімен оны қылқындырған соң, ол қолындағы пышағын тастамай, оны қатты итеріп жібереді.
Жәбірленуші жерге құлап қалғаннан кейін ол сыртқа шығып, ашуын басып, пәтерге қайта кірген кезде күйеуінің дем алмай жатқанын көрген.
Басты сот талқылауында сотталушы кінәсін мойындамай, алдын ала тергеудегі сөздерді ол қысыммен айттым деді. Ол пәтерден шыққан кезінде есік ашық қалғанын, қайтып келген кезде күйеуі өліп жатқанын көргенін айтты. Бірақ, іс бойынша жасалған сараптамалардың қорытындыларымен, куәлердің жауаптарымен оның кінәсі толық дәлелденді.
Сот сотталушы С.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 96 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеуді белгіледі. Сондай-ақ, соттталушы маскүнемдіктен еріксіз емделетін болады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.