Бүгін Қызылордада өткен «Өзіңе сене баста» көрме-байқауында Жаңақорған ауданының тұрғыны Орал Қасиет Қалдыбайқызы жеңімпаз атанды. Бұл шара мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер үшін Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы (2018 - 2020 жж.) аясында ұйымдастырылып отыр.Кәсіпкерлер үйінде облыстық «Өзіңе сене баста» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің өнімдерінен облыстық көрме-байқауы өтті. Шараға әртүрлі салада кәсіпкерлікпен айналысып жүрген барлығы 50 адам қатысты.
Байқау барысында қатысушылардың ағаш, тоқыма, сурет, тағам мен көптеген басқа да өнімдерінен көрме ұйымдастырылды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев шараға қатысып, байқау жеңімпаздары мен қатысушыларын марапаттады.
«Жұмыспен қамту кез келген мемлекет үшін қашанда өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ал азаматтарды жұмыспен қамтудың баламасы ол - кәсіпкерлік. Бүгін мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді қолдау әрі олардың дамуына жол ашу мақсатында «Өзіңе сене баста» көрме-байқауын өткізіп отырмыз.Қатысушылар - тағдыр тауқыметіне қарамастан, қоғамда өз орнын тауып, өзін жұмыспен қамтып, тіпті өзгелерге жұмыс тауып берген азаматтар. Олар көпке үлгі болуға лайықты және қоғамды масылдық көзқарастан арылтуға септігін тигізеді»,- деді аймақ басшысы.
Байқау жеңімпаздарын облыстық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілдері, кәсіпкерлер палатасының мүшелері, «Даму» қоры мен әлеуметтік қорғау ұйымы қызметкерлерінен құрылған комиссия анықтады.
Сонымен, байқаудың жеңімпазы «Кәдесый жасау жобасымен Жаңақорған ауданынан қатысқан Қасиет Орал облыс әкімінің алғыс хаты мен 1 миллион теңгеге ие болды. Екінші орын иегері, «Аяқкиім жасау» жобасымен Қармақшы ауданынан қатысқан Ерлібек Жармаханов 700 мың теңгемен, үшінші орын иегері «Кәріз жүйелері өнімі, темір және сурет бұйымдары» жобасымен Қызылорда қаласынан қатысқан Аслан Ертохаев 500 мың теңге сыйақымен марапатталды. Сонымен қатар, байқаудың барлық 50 қатысушысы да грамота мен тұрмыстық техникалық тауарлар сертификатына ие болды.
«Бірнеше жыл бұрын жақындарымның көмегімен кәдесый жасаумен айналыса бастадым және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламаларда үздік нәтижелерге қол жеткіздім. Байқауда жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын, ұйымдастырушыларға осындай байқау өткізгені үшін және қолдау көрсеткен жандарға алғыс білдіремін. Мұндай шаралар өз кәсіптерін дамыту үшін өте қажет деп есептеймін», - дейді миллионның иегері Қасиет Орал.
Атап өтейік, қазіргі таңда облыста мүмкіндігі шектеулі 29353 адам тіркелген. Оның ішінде I топтағы мүгедектердің саны – 2827, II топтағы – 11145, III топтағы – 10526 болса, ал 18 жасқа дейінгі балалардың саны – 4855-ті құрайды.
Оларды қолдауға аймақта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылы жеке оңалту бағдарламасын іске асыру үшін облыстық бюджеттен 680 млн. теңге бөлінген. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында жұмыспен қамту орталығы арқылы 376 мүмкіндігі шектеулі адамды жалпы жұмыс орындарымен, оның ішінде 148 мүгедек жанды тұрақты жұмыс орындарымен қамтып отыр. 2012 жылдан бастап өңірімізде «Инватакси» қызметі ұйымдастырылған. Бастапқыда инватакси тек 2 болса, бүгінгі күні олардың саны 18-ге жетті. Арбадағы азаматтарды тасымалдауға арналған аппарелі бар арнайы баспалдақпен жабдықталған 112 автобус қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікпен айналысуды қалаған мүмкіндігі шектеулі қызылордалықтар әр салада өз істерін кедергісіз бастау үшін жан-жақты көмек ала алады.
Анықтама: Облыс әкімдігі мен облыстық мәслихат, «Нұр Отан» партиясының филиалымен, қоғамдық кеңес және кәсіпкерлер палатасымен 2018-2020 жылдар облысымызда Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы деп жарияланды. Бұл кезеңде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға басымдылық берілетіні сөзсіз. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту үш маңызды мәселені: салық базасының ұлғаюын, жаңа жұмыс орындарының құрылуын, қоғамдық-саяси ахуал тұрақтылығының жақсаруын қамтамасыз ететінін атап өткен жөн.
Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге, әсіресе болашақ кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында Кәсіпкерлер үйі ашылды. Бұл ғимаратқа Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, «Қызылорда» аймақтық инвестиция орталығы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, «Жобаларды сараптау орталығы» ЖШС, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, АО «Цеснабанк» Қызылорда облысы филиалы және тағы да басқа мекемелер орналасты.