Қызылордалық жас Әли Ибрагим садақ ату десе ішкен асын жерге қояды. Мергендікке қызығып, елорда да арнайы садақ ату курсынан өтіпті. Жас шебер Түркияда өткен мергендердің халықаралық сайысына да қатысқан.
− Әлемнің түпкір-түпкірінен келген мергендермен садақ атып сынға түстік. Жеңіске жетпесем де бұл сапардан мол әсер алдым. Елге барып өз шеберлігіммен бөлісіп орталық ашу ойы туды. Ағам Шыңғысханның кәсіпкерлік саласында тәжірибесі бар еді. Сол қолдау білдірді. Ата-аналар балаларын көптеп әкелуде. Баланың нысанаға дәл тигізуге деген талпынысы өмірде де жауапты болуына себеп, − дейді Әли Ибрагим.
Қазір Әли «Алтын жебе» дәстүрлі садақ ату орталығын ашты. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Жас кәсіпкер» жобасы аясында оқып, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде 505 000теңге қайтарымсыз грант жеңіп алған. Өзі жаттықтырушы болып істеп жүр. Садақты, жебені қалай пайдалану керек, қалай дұрыс атқан жөн бәрін үйретеді. Орталыққа келуші үлкендердің де, балалардың да қарасы көп.
Қаладағы №275 орта мектептің 3-сынып оқушысы Ясин орталыққа жиі барады. Ата-анасы ұлының жетістігін көріп дән риза.
«Ұлымды жазда ипподромға апарғанда балалардың садак атып жургенін көрдік. Содан бастап садақ атуды қатты калап жүрді. «Қызылордада барма қатысайыншы? деп жүрген. Әлидің «Алтын жебе» орталығы ашылғанын естіп қатты қуандық. Ясин қазір нысананы дәл көздейтін болған. Жетістігіне қуанып жүрміз. Әлидің ісіне береке берсін. Қазақтың әр баласы елін қорғай алатын батыр, жүректі болып өссін», − дейді қала тұрғыны Марал Алтынбекқызы.
«Шешеннің сөзі − мерген, шебердің көзі – мерген» дегендей, «Алтын жебе» орталығына келуші қыздар да бар. Әлия Молдағұловадай мерген қыздар нысанаға дәл тигізіп, жігіттерді тәнті етеді екен.
«Алға қойған мақсатымыз ұлттық спортты дамыту. Жастар бүгінде ғаламтор ойындарына үйір. Біз олардың уақытын пайдалы өткізулеріне жағдай жасадық. Алдағы уақытта түрлі сайыстар ұйымдастырамыз. Сұрмергендер шығарып, халықаралық сайыстарға қатыстырғымыз келеді. Малазия елінде бұл спорт түрі жақсы дамыған. Қазақ елінің атын шығарар мерген жастарды баулысақ дейміз» дейді мерген жаттықтырушы Әли.