Қызылорда қаласында тұратын Ербол Әшірбек «Best1st» ЖШС құрып, сабын өндірісін қолға алды. Әзірге күнделікті кір жууға қолданатын сабын (кір сабын) шығарады. Құрамы 72 проценттік өнім барлық мемлекеттік стандартқа сай келеді.
Жаңа өнімді өндіру үшін арнайы рұқсат қағазы да бар. Қазір елдегі ахуалға байланысты «Сыр сабыны» жарнамаланып, кеңінен таратылып жатқан жоқ. Тек естіп, білген азаматтар ғана үйден келіп алуда.
– Алдағы уақытта үлкен кәсіп көзіне айналдырсам деген жоспарым бар. Ол кезде азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік болады, – деді Ербол.
Жас кәсіпкер өз өнімінің дайындалу әдісін құпия сақтады. Тек білгеніміздей өсімдік, тоң май, картоп, балық, бауырсақты қуырғаннан қалған май да жарайды екен. «Сыр сабыны» күніне 1000 данамен шығарылуда. Ал бағасы нарықтағыдан әлдеқайда арзан. 150 грамнан бастап 350 грамға дейін баратын сабынның ең арзаны 47 теңге, 200 грамдығы – 55 теңге болады. Әрі қарай бағасы көлеміне байланысты өсе береді.