Қызылордада 2 592 отбасының үйіне көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатылады
Өңірде жылу беру маусымы алдында көпбалалы және аз қамтылған, тұрмыс жағдайы төмен 2 592 отбасының үйіне көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатылады.
Бұл өз кезегінде төтенше жағдайдың алдын алу,қайғылы жағдайларды болдырмауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев мәлімдеді.
-Өткен жылы жылу беру маусымында облыс бойынша 201 өрт тіркелді. Төтенше жағдайдың басым бөлігі тұрғын үй секторынан шықты.Осыған орай үстіміздегі жылдың 15 тамызынан бастап департамент қызметкерлері жылу беру маусымы кезеңінде өрттің пайда болуын, адамдардың қаза болуын және жарақат алу қауіп-қатерін азайту мақсатында халық арасында тұрмыстағы электр және жылыту қондырғыларын, жылыту пештерін қолдану, мұржаларын тазарту жөнінде үнпарақтар таратып, үгіттеу-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Адам өмірін оттан сақтау, бақытсыздық жағдайды болдырмау басты мақсат. Сол үшін де департамент тарапынан тиісті шаралар жалғасын табады,-деді Саид Шазындаұлы.