Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова күзгі егін жинау жұмыстарының жүргізілу барысы бойынша орынбасары Бақыт Жахановтың есебін тыңдады. Жиынға жаңадан тағайындалған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев қатысты. Кездесу барысында облыс әкіміне Бақыт Жаханов аймақта нақты егілген егіс көлемі мен жағдайы, әртараптандыру бағытында атқарылған жұмыстар мен ерте егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, күзгі егін жинау жұмыстарына қатысатын ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы мен жанар-жағар маймен қамтамасыз етілуі туралы баяндады.
Биыл барлығы 184,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Негізгі дақыл - күрiштің көлемі 89,5 мың гектарды құрады. Ал, ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 1,1 мың гектарға артық егіліп отыр.
Аймақта егісті әртараптандыру бағытында алғаш рет перспективалы дақылдар, қант құмайы 70 гектарға, соя 240 гектарға, жүгері дақылы 1 667 гектарға дейін жеткізіліп, ылғал сақтағыш аквагельдерді пайдалану арқылы 80 гектар богарлы жерлерге күздік бидай дақылы егілді.
Аймақ басшысы Бақыт Жақановқа егін жинау науқаны барысында көкөніс өнімдерінің көлеміне орай облыс халқы үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырып, тұрғындарға қолжетімді бағада ұсынуды тапсырды. Сонымен бірге Нұр-сұлтан қаласында өтетін Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы күндерін ұйымдастырып, елорда тұрғындарына Сыр елінің өнімдерін жеткізуді тапсырды.
Сондай-ақ, кездесуде облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаевқа егіс науқаны кезінде өнімді ысырап етпей, жинап алуды және техникалардың дайындығында айтарлықтай проблема туындамауын бақылауға алу қажет деп тапсырма берді.
Айта кетейік, өңірде егін жинау және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 12,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бүгінде белгіленген операторлар арқылы шілде және тамыз айларына қаралған 5,2 мың тонна дизель отынының 5,1 мың тоннасы облысқа жеткізіліп, әр литрі 165 теңгеден шаруашылықтарға жеткізіліп берілуде.
Отырыста Бақыт Жақанов шаруашылық құрылымдарының қолында бар техникалардың әлеуеті егін жинау жұмыстарын мерзімінде аяқтауға толық мүмкіндік беретінін атап өтіп, күрішке орақ салу жұмыстарының барысын тарқатты.
Бүгінгі күні 27,5 мың гектар күрішке орақ салынып, оның 19 мың гектары бастырылды. Әр гектарынан орташа 49,4 центнерден өнім алынуда.
Жиын соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова орынбасары Бақыт Жақановқа және сала басшысына егін жинау жұмыстарын 15 қазаннан кешіктірмей толық аяқтауды тапсырды.