Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қала күні мерекесіне орай Қызылорда қаласындағы бірқатар нысандарға барды.
Облыс әкімі Жаппасбай батыр көшесі бойындағы жаңа №282 мектеп-лицейінің ашылу салтанатына қатысты.
Алты жүз орындық білім ұясының құрылысы 2018 жылдың сәуір айында басталған. Ғимараттың ауқымы 43497 шаршы метрді құрайды. Бас мердігер - «Ария-Жаңа Астана» ЖШС. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жаңадан пайдалануға берілген мектептің жұмысына сәттілік тілеп, ел мақтанышы болатын азаматтарды түлеп шығаратын білім ордасы болатынына сенім білдірді.
«Жаңадан бой көтерген мөлтек ауданнан жаңа мектепті пайдалануға бергелі тұрмыз. Өздеріңізге белгілі карантин талаптарына сәйкес қазіргі уақытта оқушылар қашықтықтан білім алуда. Дегенмен, бұл уақытша қиындықтар. Оқушыларымыз жайлы, жылы ғимаратта білім алу керек. Білім ұясының түлекшілері ел мақтанатын азаматтар болады деп сенемін. Жаңадан салынған мектеп ел игілігіне қызмет етсін», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.