Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Кесеқап түрлерін білесіз бе?

Кесеқап – кесе салатын қалта. Дәстүрлі қазақ қоғамында көшіп-қонуға лайықталып басқұрдан, былғарыдан жасалған. Кесеқап аяққап, қолдорба сияқты төртбұрышты етіп жасалмайды. Ұзындау келген тоқылған жалпақ басқұрға кесе сиятындай етіп қалта тігеді де әр қалтаға кесе салып, сынбайтындай етіп орауға лайықталып жасалады. Оны қалташық деп атайды. Қалташықтар кейде жалпақ басқұрдың орта шеніне тігіледі де, екі жиегін айқастырып орауға лайықталып жасалады. Кесеқаптың сыртынан байлайтын бауы болады. Кейін кесеқаптарды былғарыдан да жасайтын болды.
Қазақ шеберлерінің қолынан шық­қан, теркеш, кесеқап, шынықап деп аталатын мүліктің тарихы өте қызық. Кесеқаптың пайда болуы ХVIII ға­сырда қазақ арасында қытайдың фар­фор ыдыстары кеңінен тарай бастаған мезгілге сәйкес келеді.
Поляк революционері Адольф Янушкевич қазақ даласына жер ауда­рылып, олардың салт-дәстүрі, тұрмы­сы туралы күнделік жазғаны белгілі. Сонда 1846 жылы қазақтардың өзіне қымызды қытай ыдысына құйып бергендігі туралы деректер бар.
Ол кезде қытайдың фарфор, фаянс ыдыстары өте қымбат бағаланатын әрі әркімнің қолына түсе бермейтін. Сондықтан осындай бұйымдарды сындырып алмау үшін қазақтар мен Орта Азия шеберлері ағаштан, шиден, тобылғыдан иіп, тоқып, теріден, көннен кесеқаптар жасап, фарфор  ыдыстарды соның ішіне сақтап тасымалдайтын болған. Көшіп-қонып жүргенде шыны кесе­лер қирап қалмас үшін халық ше­берлерінің қиялынан туған кесе­қаптың сапасы жоғары болған. Ке­се­қаптардың «сыңаремшек», «қосемшек», «үшемшек» деген түрлері болады. Сонымен қатар теріден, киізден, қайыңның қабығынан жасалған түрлері де бар.
Кесеқаптың бетін жас қозы тері­сін илеп жабыстырып, әше­кей бұйымдармен безендірген, жие­гіне жас құлынның жалы (қылы) жабыстырылған, себебі құлынның қылы шаң тозаңды өткізбеген.
Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінде сақталған кесеқап аралдық қолөнер шебері Құдайберген Құлманбетовтен 2004 жылы музейге сыйға алынды.
Осындай мәні терең тұрмыс құ­ралдары, өкінішке қарай, музейде ғана сақталған. Тұрмысқа қажетті кешегіміз бен бү­гініміздің айғағы боларлық басқа құралдардың сыры қалың жұртшылыққа мәлім емес.  Көнеден сыр шертер, ескіні еске салатын жәдігерлерімізді музейге сый­ға тартуларыңызды және музей қонағы болуға шақырамыз.

Әлібек СЕРАЛЫ,
Ғани Мұратбаевтың мемориалдық
музейінің қор сақтаушысы.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: