Халқының қорғаны болған әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыздың даңқы алты Алашқа жақсы мәлім. Ерлігі ұрпақтың ұранына айналған саңлақ сардардың есімі ғасырдан ғасырға жалғасып келеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел-халықтың демеушілігімен Қазалы ауданы орталығында Жанқожа батыр бабамызға арналып салынған келбетті кесене көпшіліктің қастер тұтар мекеніне айналды. Кейінгі кезде қабырғадағы ашық қапталдардан ішке қарлы дауыл, шаң борап, жаңбыр бүркіп жүрген еді.
Осы қолайсыздықты аңғарған батыр ұрпақтары қаржы жинап, кесененің төрт қапталын қалың әйнекпен жабуды ұйғарды. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссия бұл ұсынысты қолдады.
«Жанқожа батыр» қоғамдық қорының президенті Нұрсұлтан Мұратбаев ақсақал игі қадамға батасын берген соң, кесене басында қызу жұмыс басталды. Әсіресе, Шарападин Таласов, Дәуренбек Әбдіхалық, ағайынды Айберген, Күнберген Ділімбетовтер, Ералы, Нұралы Дәуренбекұлылар, басқа де баба ұрпақтары білек сыбана еңбек етті. Сондай-ақ Қайрақбай Орынбасаров басшылық жасайтын кент әкімдігі ұжымының да көмегі тигенін айта кеткен жөн.
Батыр ұрпақтарының ауызбіршілігі арқасында санаулы күнде үлкен шаруа тындырылды. Жоғарыда есімдері аталған азаматтардың кәсіби шеберлігімен кесененің төрт қапталы әсем пішінделген темір бөліктер арқылы қалың әйнекпен жабылды.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, көптен армандаған іс жүзеге асты. Өткен сенбіде Жанқожа батыр кесенесінде карантин талаптарын сақтай отырып, баба аруағына арналып ас берілді.
– Кесенеге күн шапағы түскенде бір ғажайып көріністі байқауға болады. Сол сәтте баба кесенесі өзгеше сипатқа енеді. Зер салып қараған жанға кесене молдас құрып, екі қолын екі тізесіне салып, шынтақтарын сәл көтере ұстап, сонау қиырға қадала қараған батыр бейнесіндей елестейді. Құдды, зеңгір көктен жауына шүйілген қыран құстай тым айбатты, – дейді Күнберген Ділімбетов.