Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Нартай жырлаған ұстаз

Ел еңсесін көтеріп, жырын көкке самғатып, ақын Нартайдың атақ-даңқы дүркіреп тұрған кез. Көкірегі жырға толған ақын "Алғабастың” қырманында қара гармоньды құлаштай сермеп, көкке ұшқан құс­тың қанат қағысын баяулатып тұр. Нет­кен шырқау, төгілген жыр. Шаршап-шалдыққан диқандар бой жазып, бір серпіліп қалды. Алыстан "Көк жорғалы” біреу құйындатып келеді. Жас бала екен. Ауылындағы ат бапкерінің баласы екенін бірден таныды Нартай.
– Аға, сүйінші! Баукен аға ұлды болды. Соған сізді шақыра келдім.
– Ал, ағайын, Баукен туысым ұлды болыпты. Мен сол жерді жыраулатып, сіздерге ертең келіп жыр-жырлайын, – деп гармонын құшақтап, әлгі сүйінші сұраған баланың көк жорғасына мінді. Бала артында, жануар ауылға қарай жол тартқанын сезгендей ме қалай, құлағын қайшылатып жүйткіп келеді.
Ақын Нартай Баукеннің "Үлгілідегі” үйіне бар ағайын жиналып, той-думан қызып жатқан үстінен шықты. Ақынға ойы-қыры бірдей емес пе, аттан түсе жырды нөсерлете төгіп тастады.
Ауылға келіп қалдым, Баукен інім,
Қып-қызыл жарылыпты қызыл гүлің.
Келешек ғалым болып, ақын болып,
Халқына төгіп тұрсын күннің нұрын!
– Ой, пәлле, төк-төк, Нартай аға, – деген Баукен көзінен қуаныштың жасын ірікті.
Ақын боп, Абайдай боп дауылдасын,
Мәңгілік ұпытпасын бауырласын.
Досына дос боп өсіп, дұшпанына
Тас болсын, қайсар болсын, табынбасын!
Ақын жыры толастамады, жаңбырша төгілді.
Баукен ағасын төрге отырғызып, шекпе­нін кереге басына ілді. Қолына су құйып, дастарқан жайылып, табақ тартылды.
– Атын кім қоямыз, Нартай аға!
– Абай болсын, ағайын! Абайдай бала болсын, Абайдай дана болсын!
– Құп, Нартай аға, – деп Баукен қызыл­шақа нәрестені көтеріп, ақын Нартайдың қолына ұстатты.
– Ал, Абай, жолың болсын! – деп ақын Нартай қара гармоньға қол созды. Тағы да жыр төгілді. Сонымен, ұл аты Абай болып, думан түн бойы толастамай, "Үлгілі” аспанында қалықтады.
Сол Абай биыл 70-ке толды. Шиелінің орталығындағы ең бір тәуір мейрамханада екі жүздей қонақ бас қосып, Абайдың жетпіс жылдығын дүркіретіп өткізді. Астана, Алматы, Шымкент, Түркістаннан, Сыр өңірінен қонақтар келіп, тілектерін жаудырды.
– Біздің ауыл батырлар мен ақындар ауылы, – деді Абай той үстінде. Ақын Нар­тай, жазушы Қалмақан, диқан Шырынкүл мен Ұлбала біздің топырақтың тарландары. Бала кезінде қолынан кітабы түспейтін талантты журналист Нұртөре Жүсіпті ұшыр­ған өңір. Шиелі даңқты Ыбырайдың жұлдызы жанған жер, Лениндік сыйлықтың лауреаты Шахмардан Есеновпен бір бөлек мақтанамыз, – деп сөз төгілтті.
Бұл Абай Баукенов қазақ тілі мен әдебиет пәнінің маманы. Әдеби дүниелерді шемішкедей шағады. Өзі Абай болғасын ба, Абай жырларын отырған жерде жатқа соғады.
Нартай ауылындағы орта мектепте 21 жылдай мектеп директоры, көршілес ауылдарда 14 жыл қатардағы мұғалім, 8 жыл директордың орынбасары қызметін атқарған азамат. Әкесі Баукен 1941 жылы "Құрмет белгісі” орденін алған "Үлгілі” колхозының төрағасы, осы ауылды елуінші жылдарға дейін басқарған ел ағасы. Анасы Тәшен Исаханова туған жердің абызы болған, қасиетті көне сөздің көмбесі еді.
Абай Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім, ер еңбегінің шежіресіндей онға тарта орден, медаль омырауында жарқырайды. Сүйікті жары Күләйхан ұзақ жыл өзімен бірге ұстаз болды, екі ұл, бес қыз тәрбиелеп, қанаттандырды. Бәрі де жоғары білімділер.
Ауыл ұстазы Абайдың шәкірттері жер-жерде өз еңбектерінің мақтанышына айналған ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, экономистер. Қызметтес болған Злиха, Күләш, Әмірхан, Кенже, Бақытжан, Райхан, Құралай, Тұрғанкүл, Шайхислам, тағы тағылар ұстаз ағаларын тағзым ете әңгімелейді.
Бұл күндері Нартай ақын жырлаған Абай туған жері Нартай ауылындағы Нар­тай көшесіндегі зәулім үйде немерелерінің ортасында шат-шадыман күйде. Шалбарының қыры сынбаған, көйлекке жарасымды галстукті таңдап тағатын аға әлі қуатты, ширақ.
Біз баяғы ұстаз Абай Баукеновпен бір сәт жетпіс жылдығын өткізген күннің ертеңіне кездестік.
– Мерейтойым жақсы өтті. Жұртыма ризамын әлгі әзірде Нартай бабам ескерткішіне гүл шоғын қойып, зиратына құран бағыштап оралдым. Бойыма бір қуат біткендей, жасарғандаймын. Тәуелсіз елдің егемендігін көрдік, бұған жеткен де бар, жетпеген де бар, – деп толғанады Абай. – Ақын Нартай 1890 жылғы ғой. 1954 жылы 12 желтоқсанда дүниеден өтті. Күн қатты суық еді. Менің он жасар кезім. Бірде ағайын-туыстармен көңілін сұрағанда еріп бардым. Бала болсам да, бір байқағаным, ақын сырқатқа мойын бұрар емес. Бірақ жүдеу тартқанын байқадым. Жастықтан басын көтеріп, «халіңіз калай, Нареке» дегендерге:
– Өздерің білер Нартаймын,
Нар болсам да қартайдым!
Арнасы бар да өзі жоқ,
Баяғы дауыс айқайдың
Дәме бар да, дәрмен жоқ,
Басты еріксіз шайқаймын, – деп гармоньға қолы ілікпей, осы бір шумақты төгілткен еді. Осы бір өлең жолдары есімнен кетпейді. Жақсы қартайсаң, не арман бар деп Абай тіпті толқып кетті.
– Қуаныш көбейе берсін, ауылдың Абайы! – дедік біз.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: