Қала күні мерекесі "Шұбат-қымыз" фестивалінен бастау алды
Бүгін, 19 қыркүйекте Қызылорда қаласының орталығындағы "Сыр сүлейлері" аллеясында "Қала күні" мерекесі "Шұбат-қымыз" фестивалімен бастау алды.
Шара барысында Қызылорда қаласына қарасты барлық кент, ауылдық округтер және облысымздың барлық аудандарынан ұлттық сусындарымыз шұбат пен қымыз өнімдері халыққа ұсынылды. Қаз-қатар тігілген қараша үйлер мен ақ шатырларда көрмелер орналастырылып, ұлттық дәстүрлеріміз насихатталып, әр аудан өз өнімдерін көпшілікке ұсынса, қазақтың дәстүріне сай жас келіндер қонақтарға шұбат, қымыз, бауырсақтар үлестірді. Шара барысында спорттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылып, 500-ге жуық жастарымыз "Қара жорға" биін билеп, ұлттық тұрмыс-тіршілігімздің бейнесін сомдайтын арнайы жасаулармен әрленген жылқы және түйелердің керуені жүріп өтті. Салтанатты шарада облыс әкімі Қ.Көшербаев сөз сөйлеп, "Шұбат-қымыз" фестивалін ұйымдастырудағы басты мақсат қазақ халқының көнеден бері ұстанған салт-дәстүрі мен ырымдарына сай - ақ мол болсын, берекелі тірлігіміз игілікті істермен жалғаса берсін деген ниет дей келе, қала халқын мерекелерімен құттықтады. Келесі кезекте облыс әкімі қайта жаңғыртудан өткен С.Торайғыров көшесінің ашылу салтанатына және темір жол вокзалының аумағында орналасқан аллеяға тал егу рәсіміне қатысты.