Күн мен түн теңеліп, Табиғат-Ана жаңарып, Самарқанның көк тасын жібіткен әз-Наурыз Жаңақорған жерінде ерекше сән-салтанатпен басталды.
Ауданға қарасты Бесарық ауылындағы «Талдысу» тынығу лагерінде «Наурыз-дәстүр» атты этно-думанды шара болып өтті. Мерекелік шараға аудан әкімі Руслан Рүстемұлы қатысты. Осынау жарқын мерекеге арналып мекеменің ауласына тігілген қараша үйде салт-дәстүр жаңғыртылып, жергілікті өнерпаздар қазақ халқының ғибраты мол ғұрыптары мен тағылымды дәстүрлерінен сахналық көріністер қойып, ән мен жырдан шашу шашты. Мұнымен қоса алаңда жастар арасында гір тасын көтеру, арқан тартыс, асық ату сынды ұлттық ойындар ойнатылды.Аудан басшысы жиылған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, тұрғындарға табыс пен сәттілік, жақсылық пен молшылық тіледі. Мерекелік шара соңында Ұлыстың ұлы күнін тойлауға келген жұрт киіз үйлерге кіріп, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсындағы басты тағам- Наурыз көжеден дәм татып, ризашылықтарын білдіріп тарқасты.