Ауданның сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында Әйтеке би кентін абаттандыру жобасы әзірленген болатын. Жобада кенттің бірнеше орталық көшелерін абаттандыру жұмыстары қарастырылған.
Соның бірі – Қ.Пірімов көшесіне орнатылатын Бегім ана ескерткіші. Осы мәселеге орай аудан әкімі Нажмадин Шамұратов Астана, Тараз, Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда қалаларынан келген Бегім ана ұрпақтарын қабылдады. Бегім ананың әкесі Қара бура әулиенің қорының президенті Мұсағали Сарсембайұлы бастаған азаматтар биылғы жылы орнатылатын ескерткіш жобасымен танысты.
Аудан әкімі Нажмадин Шамұратов адалдықтың символындай болған анамызды он ғасыр бойы есінен шығармаған елдің бүгінгі ұрпақтары да үлгі тұту қажеттігін айтты. Өз ойларын ортаға салған ана ұрпақтары аудан басшысына ризашылықтарын жеткізді. Айта кетейік, ел аузындағы аңыздарға сүйеніп жасалған ескерткіштің ені 12, биіктігі 4 метр болып орнатылмақ.