Сансыз жылдарды артқа тастаса да, халық талғамынан ойып орын алған туындылар қашанда ел құлағында жаңғырып тұрары сөзсіз. Себебі, жүректен шыққан ән әрдайым жүректе мәңгі орнығып, тыңдаушының шын бағасымен ерекше есте қалады. Осындай қазақ ән өнеріндегі өресі биік туындылардың басымына жуығы Сыр топырағында дүниеге келгендігін біреу білсе, біреуіне беймәлім.
Халықтың сондай айта жүретін өміршең әндерінің бірі – «Ақ гүлім». Қазақтың ән қорына енгеніне отыз жеті жылдан астам уақыт өтсе де, бұл әнді әр тыңдаған сайын жаңа естіп тұрғандай бей-жай күй кешпеуің әсте мүмкін емес. Денең тоқ ұрғандай толқып, алабұртқан көңілді махаббат оты шарпығандай әсем күй кешесің. Жігіттің сүйген жанына деген іңкәр сезімін қара сөздің құдіретімен жеткізген ақын тыңдаушыны осындай әсерде қалдырады. Әрине, бұл – ақынның сөзсіз шеберлігі. Сегіз нотаның ырғағына салып, оған жан бітіріп, одан әрі құбылта білген композитордың да талассыз талантын жоққа шығаруға болмас. Сондықтан да болар, жаңақорғандық қос талант – Бексұлтан Байкенжеев пен Адырбек Сопыбековтың бірлескен шығармашылық жұмысының арқасында дүниеге келген «Ақ гүлімді» бүгінде жатқа айтпайтын қазақ жоқ.
Ал, сіз тек Сыр жұртшылығының ғана емес, жүрегі өнер деп соғатын барша ән сүйер қауымның сүйікті әніне айналған «Ақ гүлімнің» шығу тарихынан хабардарсыз ба? Жасыратыны жоқ, оны әніне елтіп қосыла шырқап жүргенімізбен қашан, қалай туған дүние екендігі көбіміз үшін беймәлім. Шынымен де, ақын жүректі өзіне ынтық еткен бір сұлу жанның болғаны анық па, әлде өмірін өлеңмен тербеген ақын жігіттің музасын жырға қосқан жәй ғана кезекті туындысы ма? Осындай оймен біз де әннің сөзін жазған жыр елінің мақтанышы, ақын Адырбек Сопыбековпен арнайы тілдесіп, аталмыш тақырып жөнінде сыр тартып көрген едік. Біз хабарласқанда Адырбек ақсақал еліміздің бас қаласында сапарлатып жүр екен. Ол сымсыз телефон арқылы өлең тарихын баяндап беруден бас тартпады. Қысқасы, сексенді алқымдаған ақсақал әңгімеге келгенде сараңдық танытпай, кеше ғана жазып біткен өлеңдей бізге бәрін әдемі тізбектеп айтып берген еді.
– Өздеріңіз білесіздер, әйелдер мерекесі БҰҰ-ның тікелей қолдауымен 1979 жылдан бастап тойланатын болып шешілді. Осыған байланысты жер-жерде республикалық конференциялар ұйымдастыру көзделді. Ол кезде мен Жаңақорған аудандық партия комитетінде саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрдім. Ал, Бексұлтан Байкенжеев аудандық музыка мектебінің директоры болатын. Бірде аталмыш бағыттағы жасалған жиында әйелдер қауымына арнап өлең жазу Бексұлтан екеумізге міндеттелді. Сөйтіп, біріміз сөз, екіншіміз әнін таба алмай ойланып-толғанып біраз жүрдік. Жалпы, нәзікжандылар қауымына ән шығару деген өте қиын дүние екенін ақындар жағы жақсы біледі. Өйткені, ондағы сұлулықты 3 шумақ пен 1 қайырмаға сыйғызу мүмкін емес, – дейді ақын бізбен әңгімесінде.
Расында, ұзын сонар қисса-дастан, поэмаларға өзек болған бұл көркемдікті екі-үш ауыз сөзге сыйғызуға да ұтқыр тіл мен орамды ойдың аса қажеттігі әмбеге аян. Сөйтіп, араға бір апта салып қайта кездескен ақын мен композитор бір-біріне іштен шыққан төл туындыларын ұсынғанда көп көңіліндегі кіршіксіз сезімді дөп басатын сәтті дүние боларын іштей сезген-ді.
Сенi iздеймiн алаңдап дүрсiлдейдi бұл жүрек
Сенi ойладым сағынып күндiз-түнi елжiреп
Қырық қыздың iшiнде барамысың көш бастап
Мен Төлеген болғанда
Өзiң болдың Қыз Жiбек, ақ гүлiм…
Міне, біз айтып жүрген әннің алғашқы шумағы осылай өрілген еді.
– Әдетте, ән жазу үдерісінде бірінші музыка жазылып, соған орай ақынға сөз жазу тапсырылатын немесе керісінше. Бұл жолы бізде олай болмады. Екеуміз екі жақта жүріп, жазған дүниемізді қатар көрсеттік. Бір қызығы, «Сабақты ине сәтімен» деп музыка мен сөзі алдын ала ойласқандай бір-бірімен жымдаса кетті. Сонда Бексұлтан екеуміздің бұл өлеңнің тек парақ бетінде ғана қалмай, халықтың жүрегінде де қалатын қымбат ән боларына үкілі үмітпен қараған едік. Кейін дайын болған ән нотаға түсіп, қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің залында біраз уақыт ілініп тұрды. Сол университетте әйелдер тақырыбына байланысты ұйымдастырылған облыстық конференцияда әннің алғаш тұсауы кесіліп, тыңдарманға жол тартқан еді, – дейді Адырбек Сопыбеков.
Ал, әннің неліктен «Ақ гүлім» аталу себебін сұрағанымызда, ақсақал қылықты қыздар үшін «ақ» пен «гүлден» артық таптырмас теңеу жоқ екенін жеткізген еді. Бір жағынан, ақынның айтуынша, Бексұлтан Байкенжеевтің анасының аты «Ақнұр» болғандықтан, композитордың өз өлеңдеріне көбіне «ақ» сөзінің тіркесіп жүретіні заңдылыққа айналыпты. Белгілі «Ақбаян», «Ақ Шолпан» әндерінің атауы да осы мәселеге тікелей қатысты көрінеді. Осылайша қос хас таланттың жүрегінен шыққан әсем әннің бағын белгілі эстрада жұлдыздарының бірі – «Нұр Мұқасан» тобы ашып, жыр сүйер қауымның жүрегіне одан әрі берік орнықтыра түсті. Жастана жаттап, қосыла айтатын тәтті әуенге айналды.
– Дүниеден озар шағындағы бір жылдай уақыт бұрын Бексұлтанмен кездескенімде ол маған «Сағынып жүрші» деген әніне сөз жазып беруге қолқа салды. Мен де дос сөзін аяқ асты етпей, өзінің қалағанындай жазып бердім. Ән дүниеге келген соң, Бексұлтан бақилық болды. Композитордың 65 жылдығына арналған республикалық еске алу кеші де осы әннің атымен аталды. Қазір оны белгілі әнші Саят Медеуов нақышына келтіре орындап жүр, – дейді ақын.
Қазіргі таңда жүректі ақынның әнге сөзі жазылған 20-дан астам өлеңі бар. Кезінде Әсет Бейсеуов, Шәмші Қалдаяқовтармен дастарқан-дәмдес болған ақынның талай-талай керемет дүниелері ел аузында шырқалып, қазақтың ән өнеріндегі алтын көмбесінен ойып тұрып орын алғаны мәлім.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
«Ақмешіт апталығы».