Көше аншлагтары ғимараттар, үйлер, мекемелер мен кәсіпорындардың қасбеттерін рәсімдеудің ажырамас бөлігі болып табылады.
Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің хабаралуынша, көше атаулары жазылған тақтайшалардың дұрыс жазылып және дұрыс орналастырылуымен қатар, олардың республика аумағындағы әр қалада, әр елді мекенде бірыңғай үлгіде жасалынып, ілінуі көшелеріміздің сәулетін, көркін арттырып, тарихи, мәдени танымдық тәрбие береді. Осыған орай көше тақтайшаларының бірыңғай үлгісі жасалып, Қазақстан Республикасы бойынша біріздендірілген көше атаулары мен көрсеткіштерінің жаңа жазу үлгілері ұсынылды.
Жаңа үлгідегі көше тақтайшалары Қызылорда көшелеріне де іліне бастады. Қала көшелеріндегі тақтайшаларды жаңарту жұмысы қала әкімдігі тарапынан кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.
Аншлагтардағы көше аты тиесілі тарихи, дәстүрлі атаулар мен тұлғалардың есімдері ешқандай қысқартусыз толық жазылады. Көше атауы тиесілі тарихи, дәстүрлі атаулар мен тұлғалардың есімдері аншлагқа өзге тілдерге аударылмай, мемлекеттік тілдегі нұсқасы жазылады. Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардың аншлагтарындағы көше немесе даңғыл атауы мемлекеттік тілде, ал көшесі деген сөз қажет болған жағдайда үш тілде: «көшесі, улица, street» немесе «даңғылы, проспект, avenu» жазылады. Ал аудан, ауыл және басқа да елді мекендердегі көше аншлагтарында тек «көшесі» сөзі жазылады.
Тақтайшалардың бекітілген өлшемі бар, ұзындығы 120 см, ені 25 см, қалыңдығы 0,8 см болатын пластик тақтайшадан жасалынады. Тақтайша шартты түрде үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлікте көше аты тиесілі тұлғаның аты-жөні немесе тарихи, дәстүрлі атаулары солдан оңға қарай жазылады, екінші бөлікте шеңбер ішіне ғимараттың реттік нөмірі, қажет болған жағдайда таяқша арқылы көрсетіледі, ал үшінші бөлікте көшесі (даңғылы) деген сөз жазылады. Бірінші және үшінші бөліктің асты мен үсті ұлттық нақыштағы өрнектермен жиектеледі. Тақтайша жазуларындағы үлкен әріптер – 9 см, кіші әріптер – 3 см, Arial шрифтімен жазылады. Негізгі фоны көк түсті жарық шағылыстыратын жабыннан жасалған, әріптер және өрнектер ақ түсті. Көше атаулары мен ғимараттардың реттік нөмірлері көрсетілген аншлагтар ғимараттардың қабырғасына жерден 2,5-тен 3,0 метрге дейiнгi биiктiкте ілінеді.
Қызылорда көшелерінде жаңа үлгідегі тақтайшалардың орнатылуына, көше тақтайшаларын біріздендіру жұмысына белсенділікпен атсалысу- әрбір қызылордалықтың азаматтық борышы.